Уәлихан Әбдібеков, Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор: Ұлттық бірегейлік пен ұлттық сана

– Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақа­ласы қазақ қоғамында талқы­ла­нып жатқанына біршама уақыт болды. Әсеріңіз қандай? Ғалым ретінде қандай ой түйдіңіз?

– Еліміз Тәуелсіздіктің 26 жылын өткізіп жатыр. Осы кезеңде ұлты­мыздың рухани жаңғыруы қазақ қо­ғамындағы ең өткір, ерекше мыңызды мәселе болды. Сол жаң­ғы­руды шындап қолға алатын кез енді келді. Елбасымыз, ұлт Көшбас­шы­сы – ерекше дана тұлға. Президентіміз – қоғамның тамыр­шысы. Ешнәрсені қалт жібермейді. Қазақ қоғамында рухани жаңғыруды қолға алатын сәттің келгенін дәл анықтап халыққа арнап мақала жазды. Мақаланы бірнеше рет оқып шықтым. Екінші қайталап оқығанымда қоғамның, әрбір азаматтың алдында тұрған міндеттерді екшеп, айқындай түсу міндетін қойдым. Осы тұрғыдан қарадым. Бұл жәй мақала емес, бағдарламалық құжат. Үкімет осы құжаттан туындайтын міндеттерді айқындап, оларды іске асырудың алда­ғы 5, 10, тіпті 20 жылға арналған бағдар­ламасын дайындауы қажет.

– Сөзіңізге толық қосыламын. Бірақ профессор мырза, Елбасы мақала­сындағы ерекше әсер еткен кейбір мәселелерді нақтылай кетке­ні­міз дұрыс болатын сияқты.

– Мақала соншалықты салмақты, онда әрбір сөйлемнің арқалап тұрған жүгі бар. Сонда да болса көтерілген мәселелердің арасынан бүгін сөз етуге ұлттық бірегейлікті сақтау, ұлттық сананың сапасын жетілдіру, отан­сүйгіштікті қалыптастыру мәсе­лелерін ұсынар едім.
Елбасы мақаласында жоғарыдағы мәселелер аталды және қалай іске асы­ру керектігін анықтап берді. Енді олар­ды орындау тетіктерін белгілеп, білек сыбанып іске кірісуіміз керек. Елбасы тапсырмаларын орындауға шығар­­машылықпен қарап, сапалы орын­дауға тиістіміз. Маңыздысы осы. Сон­дықтан ғылыми ойлау қа­бі­лет­тері бар азаматтар өз идея­ла­рын айтқаны дұрыс.

– Мысалы…
– Қазақстан азаматтарының ұлт­тық санасын дұрыс қалып­тас­ты­руымыз керек. Бұл мәселе ұлттық бірегейлікті орнықтыруға да тікелей ықпал ететіні белгілі. Осы орайда көркем әдебиеттің мүмкіндігін дұрыс пайдалануымыз қажет.

Жас кезімде француздың белгілі жазушысы жазған көлемі 6 беттен тұратын шағын әңгімені оқығанмын. Оқиғаның желісі былай. Қарақшы қуғыншылардан қашып келе жатып алты жасар баланы кездестіреді. Оған мән-жайды түсіндіреді. Өзін жасыруды және қуғыншыларға айтып қоймауын сұрайды. Қуғыншылар балаға өте қым­бат және көр­кем сағат береді. Бала қу­ғын­­шыларға қа­рақ­шы­ның қай­да жа­сырын­­­ғанын айтып қоя­ды. Баланың әкесі өте қатал және әділ кісі еді. «Өз мей­ма­­ның­ды өзің ұс­тап бер­дің». «Біз­дің ұрпа­ғы­мызда мұн­дай сат­­қы­н­дық бо­лып көр­ген емес еді» дейді. Ба­ланы үйдің сыр­тына алып шыға­ды да атып тас­­­тайды. Әлі күнге дейін есіме түссе, ойға шомамын. Сол әкенің шешімі осы күнге дейін бүкіл адамзатты ойлан­дырып келеді. Осы сияқты әдебиетте осындай шығармалар көп. Елбасының мақаласында 100 оқулық және 100 жаңа есім туралы кітаптар шығару керектігі айтылған. Осы арада әлем әдебиетін ақтарып, жас ұрпақты ойландыратындай 100 шығарманы мектеп бағдарламасына енгізуді ұсынар едім. Бұл Елбасының тамаша идеяларын қолдау болар еді. Әлем әдебиетінің жауһар шығар­мала­рының тізімін жасап, ұсыныс жаса­сақ қолдау табатынына сенемін.

Осы орайда тағы да бір мәселе бар. Рухани жаңғыруға ғалымдарды белсен­дірек қатыстыру керек. Қазір кім көп, ғалым көп. Олар – белгілі бір дәрежеде ғылымда жаңалықтары бар ғалымдар. Бірақ қоғамда үндері шыға бермейді, өз ойларымен бөліспейді. Небір идеялары көкі­рек­терінен шықпай тұншығып жатқан болуы керек. Соларға теле­арна­лардың бірін беріп қойсақ, қоғам ашығырақ болар ма еді деп ойлаймын.
– Әлгінде ұлттық салт-дәстүр, ұлт­тың тарихы, ұлттық менталитет деп қалдыңыз. Елбасының рухани жаң­ғыру туралы мақаласында осы мәсе­лелер де айтылған. Елбасының идея­ларын қолдап, рухани жаңғы­рудың осы тұстарын жандандыра түсу үшін не істеу керек?

– Парижге барған бір сапарымда Луврдан көрген суретім еске түседі. «1346 жылы француздардың Парижді ағылшындардан азат ету сәті» деп аталатын сурет болатын. Сонда фран­цуз­дар өздерінің тәуелсіздігін 1346 жыл­дан басталады деп сурет арқылы шегелеп қойған. Ең қызығы сол, сурет 1896 жылы Францияның сол кездегі премьер-министрінің тапсырысы бойынша салынған.
Ұлттың, мемлекеттің тарихын сурет­пен жеткізудің әсері ерекше. Бізде мұражайлар көп, әр облыс орталығында бар. Бірақ мемлекеттік сурет галерея­лары жоқ. Қазақ халқы­ның ментали­тетін, ұлттық салт-дәс­тү­рін, тарихын дәріптейтін ұлттық дең­гей­дегі сурет галереялары керек. Су­­ретті кез келген шетелдік түсінеді. Өнер ұлт талғамайды. Аударманың қа­жеті жоқ. Суреттің атын қазақша, орыс­ша, ағылшынша жазып қойсаң бол­ды. Сондықтан Ұлттық суреттер пи­­нотекасын немесе галерея­сын әзір­­леу қажет. Ол галереяны «ЭКСПО – 2017» көрмесі өз жұмы­сын аяқтаған соң сонда босаған бір ғи­марат­тың ішінен ашса дұрыс болар еді.
Ахмет Яссауи университеті ұлт тарихын суреттермен бейнелеу мәсе­лесінде бірқатар жұмыстар жасап жатыр. Қазірдің өзінде 60-тан астам тарихи, мәдени суреттер салып, даярлап қойдық. Оқу орнының мә­де­ниет сарайында суреттер га­лереясы ашылды. Суреттеріміздің бі­разы қазір сонда тұр. Оларды зер са­лып қарағандар біраз нәрсеге қа­ны­ғады. Оларда тарих бар, ұлттық менталитет бар. Бір назар ауда­ратыны, шетелден келген мейман­дар галереямызды тамашалап ұзақ жү­ре­ді. Өз аза­мат­тарымыз суреттер­дің ал­­дында ұзақ аялдап қалады, ойла­на­ды.
Егер мемлекеттік сурет галереясы ашылатын болса біз дайындаған суреттерді эскиз ретінде пайдалануға ұсынатын едік. Осы идеяны респуб­ликалық деңгейде өткен бір-екі бас­қосуда айттым. Өкінішке қарай, лауазымды тұлғалар айтарлықтай мән беріп, назар аудара қойған жоқ.

– Бәрі санаға, идеяны қабылдау жыл­дамдығына байланысты болса керек. Ел­ді, ұлтты қайтсек әлемге та­ны­тамыз, де­ген ұмтылыс болса ла­уазымды бас­шы­лар ойланатын-ақ мәселе екен. Кейде ма­ған мынадай ой келеді. Неге рухани жаң­ғыру идея­сын Елбасының өзі қолға алды, арна­йы мақала жазып, дүйім жұрт­қа ой сал­ды?! Зиялы қауым қайда, мүйізі қара­­­­ғайдай идеологтарымыз бар емес пе?!.

– Дұрыс айтасыз. Біз отан­шыл­дық­т­ы Елбасымыздан үйренуіміз керек. Рухани жаңғыру туралы мақаласы осыны айғақтайды. Тә­уел­сіздік алғалы бері Қазақ­ста­ны­мыз­дың Тұңғыш Президенті көрегендігін қаншама рет дәлелдеді. Астанамызға қараңызшы?! Қазір Астана әлемдегі ең танымал қа­ла­ға айналды. Женева, Брюссель сияқты. Әлемдік көшбас­шы­лар жина­лып бас қосатын орта­лыққа айналып келеді.
Елбасымыз Қазақстанды әлемдегі озық 50 елдің қатарына қосу стра­тегиясын көтерді. Қосылдық. Енді озық 30 елдің қатарына ену үшін барлық күш-жігер жұмсалып жатыр. Бірақ озық 30 елдің қатарына ену үшін біз рухани тұрғыдан да жаң­ғыруымыз керек. Президен­ті­міздің мақаласын оқыған соң маған осын­дай ой келді. Рухани жаңғыру деген­нің өзі рухы биік қазақ­стандықтарды тәрбиелеу дегенді біл­діреді. Бұл орайда ойланатын мәсе­ле­леріміз жеткілікті. Олардың көбісі Елбасы мақаласында жан-жақты ай­тылды. Енді оны орындауымыз керек.
Рухани жаңғыру барысында біз Елбасының мақаласынан туындайтын міндеттерді мемлекетіміздегі бірде-бір ұлттың немесе ұлыстың түсін­беу­шіл­ігін тудырмайтындай етіп орын­дау­ға тиістіміз. 28 ұлттар мен ұлыс­­­тардың өкілдері білім алатын тә­жірибесі бар университеттің аты­нан айтарым, мәж­бүрлеу емес қажеттілік тудыру арқылы барлық белестерді бағындыруға болады. Бұл тілді үйрену мәселесіне де қатысты.

– Осы арада Елбасы мақаласында айтылған, әсіресе, жастарды отан­сүй­­гіштікке тәрбиелеу мәселесінде не дейсіз?

– Отансүйгіштік ұлттық біре­гейліктің негізгі буындарының бірі болуға тиісті. Жастарға күнде «пат­риот бол» деп айта бергеннен нәтиже шық­пайды. Жүйелі жұмыс керек. Кеңес Одағының құра­мын­д­а болған жылдарда жасөс­пі­рім­дер бі­рінші октябрят бо­латын. Кейін пио­нер­лер сапына қабыл­­данатын, одан соң комсомол болатын. Есейген соң ком­му­­нис­тік партия қата­рына өтетін. Жүйе бар еді. Сол жүйе кел­­меске кетті. Оны аңсап отырған жоқ­­пыз. Бірақ сол идео­логиялық жүйе­нің орнына не бердік?
Қазір жүйелі жұмыс аз, әңгіме көп. Олардың орнына жат идеология кі­ріп алған жағдайлар да бар. Жо­ғал­ған жүйелердің орнын ұлттық салт-дәс­түр­ле­рімізді насихаттау арқылы толты­руы­мыз­ға болады және әлем­дегі ең үздік әдеби шығарма­лар­мен толық­тыру арқы­­лы жүзеге асыруға болады. Біздің жас­тар өте алғыр және батыл, жаңа­лық­тар­ға жақын. Жас­тарды пен­де­шілік бағы­тынан отан­сүй­гіштік бағытқа жете­ле­уіміз қажет.
Азаматтары отансүйгіш мем­ле­кетте жемқорлық болмайды. Біздің жаста­рымыздың отансүйгіштік тәр­биесі биік болса, адамгершілік тара­пынан ойлану қабілеті жоғары болса, болашақта Қа­зақ­стан жемқор­лық­тан түбегейлі құ­ты­лады. Себебі, отан­сүйгіш жастар Қа­­зақ­станның тәуелсіздігін көзінің қа­­ра­­­­­­­с­ын­дай қор­ғай­ды, жем­қорлық тә­уел­­­сіздіктің жауы екенін бәрі­міз біле­міз. Отансүй­гіш­тік – тәуел­сіз­дік­тің ке­пілі!
Біз рухани жаңғыруымыз керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

педагогика ғылымдарының кандидаты,

Ахмет Яссауи университетінің профессоры

Напишите свой вопрос

 

    ×