ТҮРКІСТАНДА РЕДАКТОРЛАР БАС ҚОСТЫ

Оңтүстік Қазақстан облысында «Түркістан әлемі әдеби журналдары редакторларының   8-ші конгерсі» өтуде. Конгреске Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түркия, Иран, Ирак, Украинадағы Қырымнан, Ресейдегі Алтай, Гагауыз, Татарстан, Дағыстан, Башқұртстан,  Кабардин-Балкар, Якутиядағы түркі тілдегі журналдардың бас редакторлары келді.

Жиын қасиетті Түркістан қаласындағы Қазақ-Түрік халықаралық университетте өз шымылдығын ашты. Басқосу тізгінін жазушы Мархабат Байғұт қолға алды. М.Байғұт өз кезегінде шетелден келген қонақтарды таныстырып өтіп, алғашқы сөзді облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібекке берді. Өңір басшысының орынбасары мінберде Түркістан түркі елдерінің астанасы, әрі түпкі отаны екенін айта келе Қазақстан туыс халықтардың басын біріктіру үшін үнемі көптеген шаралар ұйымдастырып келе жатқанын айтты.

 

Ал осы жолы түркі жұртын әдеби саласы жағынан байланысын нығайту үшін жұмыс істеп жатқанын тілге тиек етті. Келесі кезекте Еуразия түркі редакторлары қоғамының төрағасы Якуб Омероғлы мінберге шықты. Якуб түркі жұртының әдебиетін ұлттардың жаһандану саясатына жұтылып кетпеу үшін пайдалану қажеттігі туралы ойын ортаға салды. Сонымен бірге әр ұлт өз әдебиетін тұтас ұлтқа сіңіскен зиянды дәстүрден ажырату үшін пайдалану керектігін айтты.

«Мысалы үшін қазақ бауырларда жақын адамы қайтыс болса,  аста-төк дастархан жайып, қыруар мал сойып,  қазан-қазан мал соятыны белгілі. Соны Абай атамыз өткен ғасырда тоқтатпақшы болған. Алайда, жалғыз адамның қолынан не келеді. Соған қарсы барша журналдар бірігіп бір идеяда еңбек етейік. Одан қалса, екі жас үйленсе шектен тыс шашылатын ысырапшылдығымыз тағы бар. Мұндай кемшіліктер тек қазақ халқында емес, біздің түрік, тағы басқа туыс ұлттарда бар. Өз әдебиетімізбен сол орынсыз нәрселерден арылуға күш салайық»,  —  деді  Якуб Омероғлы.

Жиында басқа да түркі халықтары журналдарының редакторлары сөз сөйледі. Барлығының да ортаға салған ойлары бір жерден шығып жатты.

Сабыржан Байбосынов

Оңтүстік Қазақстан облысы

Напишите свой вопрос

 

    ×