Түркологтар жойылу қаупі бар түркі тілдері мәселесін талқылауда — BNEWS.KZ

Бүгін Түркістан қаласында, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Ататүрік мәдениет, тіл және тарих қоғамының, Түрік тілі қоғамының қолдауымен «Жойылу қаупі бар түркі тілдері» атты VII Халықаралық Түркология конгресінің ашылу салтанаты өтті.

ХҚТУ Өкілетті Кеңес төрағасы, профессор М.Йылдыз, Өкілетті Кеңес мүшесі, профессор М.Шимшек, университет президенті, профессор У.Әбдібеков, Ататүрік мәдениет, тіл және тарих қоғамының мүшесі, профессор М.Хекимоглу, Түрік тілі қоғамының басшысының орынбасары, доктор, доцент Б.Чакыжы сөз сөйлеп, конгресс жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, басшылар құрметті қонақтар, профессор М.Хекимоглу мен доктор Б.Чакыжыға сый-сыяпат табыстап, шапан жапты.

Пленарлық мәжілісте түркиялық профессор С.Екер, профессор Ш.Ыбыраев, профессор Н.Егоров (Ресей, Чувашия), профессор Астрид Менз (Түркия, шығыстану институты) баяндама жасады. Айта кетейік, профессор Суер Екер «Жойылу қаупіндегі түркі тілдері» атты көптомдықтың ғылыми жетекшісі. 2011 жылдан бастап қолға алынған бұл сүбелі еңбекке әлем­нің 26 елінен 130 ға­лым қатысып, 132 зерттеу топ­тастырылған. ЮНЕСКО-ның арнайы бағдарламасы аясында Түркі академиясы халықаралық ұйымы осындай жойылу қаупі төнген түркі тілдерінің тамырын тереңнен зерттеген болатын.

Конгресте жаһандану үдерісіндегі Түрік әлемінің келешегі, әлемдегі жойылып кеткен тілдер мәселесі және жойылу қаупі төніп тұрған түркі тектес тілдер жайлы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Солтүстік мұзды мұхиттан  Солтүстік Африкаға, Жапон теңізінен Батыс Еуропаға  дейінгі аралықта созылып жатқан аймақтағы түркі жазба тілдері  мен диалекттерінің көпшілігі жойылу қаупінде тұрғандығы айтылды. Тарихи және заманауи тұрғыдан алғанда түркі жазба тілдеріне қытай, орыс, араб, парсы т.б. тілдердің тигізген әсері мол екенін, айтылған тілдердің ықпалы кейбір түркі тілдерінің жойылып кетуіне қазір де қауіп төндіруде екені де айтылды.

18-19 қазан күндері өтетін конгресте «Жойылып кету қаупі бар тілдер жайлы зерттеулер», «Сөйлеушісі қалмаған тарихи түркі жазу тілдері», «Қытайдағы түркі тілдерінің жағдайы», «Кеңес дәуірінен кейінгі түркі тілдерінің жағдайы», «Жойылып кету қаупі бар тілдердің сақталуы», «Қазақстандағы түрлі түркі тілінің жағдайы», «Ирандағы түрлі түркі тілінің жағдайы және парсы тілімен байланысы», «Жойылып кету қаупіндегі түркі тілдерінің орыс тілімен байланысы», «Таяу Шығыс елдеріндегі түркі тілдерінің жағдайы», «Түркі тілдерінің араб тілімен байланысы», «Кавказ аймағындағы түркі тілдерінің орыс тілімен байланысы», «Түркі тілдерінің жойылып кетуіне қауіп тудыратын негізгі мәселелер», «Тіл мен диалект жойылуында мемлекет пен әлеуметтік байланыстардың рөлі», «Жойылған түркі тілдерінде сөйлеушілердің тілдік ерекшеліктері» деп аталатын бағыттар қаралады.

Конгреске Түркия Республикасы, Ресей Федерациясы,  Әзірбайжан Республикасы, Башқұртстан, Чувашстан, Хакасия, Тыва, Иран, Өзбекстан, Тәжікстан, Германиядан және Қазақстаннан 100-ге жуық түрколог-ғалымдар қатысты.

Қонақтар, түрколог-ғалымдар университет инфрасткруктурасын аралап, «Ясауи» мұражайының ашылуына қатысты. Мұражайдың тарихи жәдігерлері мен археологиялық қазбаларын, қылқалам туындыларын тамашалап, олардың қыр-сырына қанықты.

Напишите свой вопрос

 

    ×