Алаш ақтаңгері Нәзір Төреқұловтың туылғанына — 125 жыл!

«Алаштың асыл перзенті». Осындай атаумен Түркістан қаласында қоғам қайраткері Нәзір Төреқұловтың 125 жылдығына арналған халықаралық конфереция болып өтті. Алқалы мәжілісте ел ағасының өнегелі өмірі кеңінен айтылды.

Құс қанат ғұмыр. Қылыштың жүзіндей жарқ етіп, қазақы көзімен құбыла көрген,  тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұлов қалың қазақтың маңдайындағы нұр іспеттес. Қамшысаптай қысқа өмірінде еткен өшпес еңбегі — ел есінде. Аталған жиын барысында Төреқұлов мұрасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында насихатталуы тегін емес.

Құлбек Ергөбек – филология ғылымдарының докторы, профессор

Нәзір Төреқұловты ғылым саласындағы Түркологияның негізін қалаушылардың бірі деп қарауымыз керек. Сондықтан, Төреқұловты ұстазым деп білем.

Облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов, Сауд Арабиясынан келген мәртебелі қонақтар кәсіби дипломаттың мемлекеттерді елдестірудегі ұшқырлығын әңгіме етті.

Бұл жиында көпшілік Нәзір Төреқұловтың тек мәдениет саласында емес, түрколог, лингвистикадағы қырын ашып айтты.

Назипа Тұрысбекқызы – профессор

Мен Нәзір Төреқұлов туралы зерттеумен үш жыл айналыстым. Оның  лингвист ретінде, қоғамдық саяси қайраткер ретінде, дипломат ретінде жасаған зерттеулері өте көп…

Біздің еліміз мемлекеттің дамуына үлкен үлес қосқан Алаш қайраткерлерінің мұраларын әлемдік аренада таныстыруды назарда ұстап келеді. Бүгінгі жиын да соның жалғасы іспеттес. Өйткені, өткенді бағамдап, келешек сахнасына аманаттау – осындай жиындардың басты мақсаты.

СҮНДЕТ Сейітов

Напишите свой вопрос

 

    ×