Қазақстанда алғаш ашылған халықаралық университет

Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті – Тәуелсіздікпен тел жетілген оқу орны. Қазақстанда ең алғаш ашылған халықаралық университет. Түркі тілдес мемлекеттер арасында да жоғары мәртебеге ие болған жалғыз білім-ғылым ордасы. Мұны осы оқу орнында білім алатын әлемнің 32 елінен келген жастар да мақтан етеді.

Бұл оқу орнына 1992 жылғы мамырдың 1-і күні «халықаралық университет» мәртебесі берілді. Бұл атаққа ордалы білім шаңырағы Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Республикасының Премьер-Министрі Сүлеймен Демирелдің кездесуі нәтижесінде қол жеткізді. Дұрыс шешім толағай табысқа бастады.

Елбасының ықпалымен ашылған университет бүгінде рухани астанадағы ең ажарлы сәлет нысаны. Қалаға көрік берген оқу ордасы жергілікті тұрғындардың да алғысын арқалап отыр. Түбі бір түркі жұртының жалындаған жастарын бір шаңыраққа жинаған университет татулық ордасына айналған.

Университетте қазіргі таңда барлығы 10 мыңға жуық студент қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде білім алады. 54 бакалавриат, 30 магистратура және 11 докторантура бағдарламалары бойынша жоғары білімді кәсіби мамандар дайындалады. Университетте 22 білім беру бағдарламасы бойынша қашықтықтан оқыту технологиясы жүзеге асқан.

Бүгінде білім ордасында түркітілдес мемлекеттер мен қауымдастықтардың жастары бір шаңырақ астында терең тарихи құндылықтарға сүйене отырып, білім алуда. Кешегі «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылнамасына арналған ауқымды шараларда да сүбелі үлесін қосып келеді. Азат елдің абыройын асқақтатып, рухани астананың мәртебесін асыруда Елбасы ашқан нысанның ықпалы зор болып отыр.

ПЕРИЗАТ Биназарқызы

Напишите свой вопрос

 

    ×