Ежелгі Түркістан білім мен ғылымның бесігіне айналды

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 17 сәуірде «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы ұлттық рухани өсіп-өркендеуіміз бен кемелденуіміздің айқын бағдарламасы ретінде қабылданды. Елбасы жазғандай, «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады». Сондықтан кемел ойлы Мемлекет басшысы әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуға бағытталған айқын мақсат жолындағы біртұтас қуатты ел болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай көтеретініміз туралы ой-пікірлері мен көзқарастарын ортаға салуды жөн көрген.

Бұл мақаланы көзіқарақты, көкірегі ояу әрбір жан оқуы керек. Жан-жүрегімен терең түйсініп, әлденеше рет қарап шыққаны жөн. Өз ұлтын сүйген, елін-жерін аялайтын жан осылай етсе керек деп ойлаймыз. Олай дейтініміз, Мемлекет басшысы еңбегінің басты идеясы – еліміздің рухани тұғырын не­гіздей түсу.

Президент мақаласында білімге ай­рықша назар аударады. «Табысты бо­лудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек, – дейді Мемлекет басшысы. – Жастарымыз ба­сым­дық беретін мәселелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде бі­лімді бәрінен биік қоятын ұлт қана та­бысқа жетеді».

Тәуелсіздік жылдарында елімізде бі­лім-ғылым саласына барынша мән бе­ріліп, жан-жақты жағдай жасалуда. Мұ­ның жарқын дәлелін жүздеп келтіруге болады. Осы ретте бір ғана мысал келтіре кетейік. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1991 жылғы 6 маусымда бұрын аудан орталығы болып келген шағын қалада Түркістан мемлекеттік университеті ашылып, оған ұлы ақын және ойшыл, алғашқы түрік ислам сопысы Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың есімі берілуі күллі түркі дүниесінде тарихи оқиға еді. Келесі жылы Қазақстан Үкіметі мен Түркия Үкіметі арасындағы келісім бойынша Түркістан мемлекеттік уни­верситеті түркі дүниесіндегі тұңғыш Ха­лық­аралық қазақ-түрік университеті мәртебесіне ие болды. Содан бері арадан жиырма бес жылдан астам уақыт өтті. Халықаралық білім ордасы Орта Азия­дағы іргелі оқу орындарының бірі сана­лады. Қазірге дейін оқу орнын 75 мыңға жуық жастар бітіріп шықты. Олар елі­мізде және шетелдерде өндіріс, білім, бизнес секілді қызметтің көптеген өзекті салаларында жүр.

Қазіргі таңда университетте бәсекеге қабілетті болу мақсатымен халықаралық деңгейдегі білім беру бағдарламалары жа­салуда. Бұларда, ең бастысы, бакалавр және магистрлік бағдарламалар санын көбейту, білім беру сапасын арттыра түсу, материалды-техникалық және әлеу­меттік инфрақұрылымдарды одан әрі дамыта түсу көзделуде.

Негізгі ғылыми бағыттар медицина, жаратылыстану, филология, гума­ни­тарлық, әлеуметтік, инженерлік және ақпараттық технологиялар салаларында жүзеге асырылып келеді.

Жоғары оқу орнының негізгі мақсаты – терең білімді, іс-тәжірибесін жүзеге асыруға қабілетті білікті маман даярлау. Киелі топырақта бой көтерген білім ор­дасы Италияның Болон университетінде үдерістің негізі болып қаланған уни­вер­си­теттердің Ұлы Хартиясына қосылып білім берудің әлемдік кеңістігіне енді. Болон декларациясының талаптарына сәйкес, құрылымға бірсыпыра өзгерістер енгізіліп, жаңа стратегиялық бағыттар белгіленді.


Осыдан үш жыл бұрын университет президенті Орталық Азия мен Қазақ­стан­дағы жоғары оқу орындары ішінен республикада екінші болып, халық­ара­лық университеттер ректорлары қауым­дастығына (International association of University Presidents (IAUP)) қабыл­данды. Осылайша, Халықаралық оқу орны әлемдегі ЖОО-мен еркін түрде қарым-қатынас орнатып, өзара тәжірибе алмасып отыруға қол жеткізді.
Оқу орнының білім беру жүйесіндегі сан қырлы жетістіктері әлем универ­си­теттерінің «гринметрик» рейтингінде жақсы нәтиже берді.

Сондай-ақ 2015 жылы QS Quacquarelli Symons ком­паниясының зерттеуі бойынша жасалған әлемдік QS EECA рейтингіде алғаш рет «Дамушы Еуропа және Орталық Азия» рейтингінің тізіміне енді. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Биыл қабатынан үшінші рет рейтингтің тізімінде болып, Ресей, Болгария, Румыния, Чехия, Польша, Вен­грия, Түркия, ТМД елдері универ­ситеттері ішінде үздіктер тізіміне ілінді. Білім ордасы БСҚА (НКАОКО) агент­тігінің рейтингісінде де соңғы төрт жыл­дан бері ұдайы алға жылжып, алғашқы ондықтың ішінде келеді. Үстіміздегі жылы «Республикалық рейтинг аген­тігінің» (РРА) ұйымдастыруымен алғаш рет (ЖОО бас рейтингі – 2017) ұйым­дастырылып, оған қатысқан 50 жоғары оқу орындары арасынан 7 орынды иеленді.

Бакалавриат-магистратура-докто­рантура білім беру бағдарламалары рей­тингі (үздік үштіктер) бағыты бойынша республика жоғары оқу орындары ара­сындағы байқауға оқу орнынан 19 бағ­дарлама ұсынылып, оның 7-еуі үздік үш­тіктер қатарынан орын алды. Сондай-ақ байқаудың маман дайындау бағыты бойынша институттық рейтинг нәти­жесінде, 2 бағытымыз алғашқы ондыққа енді. Осы орайда айрықша же­тіс­тік­теріміздің бірі сол, таяуда студенттер бі­лімін сырттай бағалау сынағына 35 ма­ман­дық бойынша 395 білімгер қатысып, салыстырмалы орташа нәтиже 97 ұпай­дан астам болды. Осылайша, жоғары нә­тиже көрсеткен студенттеріміз еліміз­де­гі 107 жоғары оқу орны арасында үз­дік­тер қатарынан орын алды.


Студенттің білім деңгейі оқытушы­ның біліктілігіне тікелей байланысты. Сондықтан да оқытушыға деген талапты күшейту – басты назарда. Оқу орнының халықаралық мәртебесіне сай биік талап тұрғысында болу парыз. Университет – әлемдік деңгейдегі білім беру мекемесі ғана емес, сонымен қатар академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша да білім тарататын, тәжірибе алмасатын орталық. Университет шетелдегі 45 жо­ғары оқу орнымен, сондай-ақ Erasmus+ бағдарламасы бойынша 5 шетелдік жоғары оқу орнымен ынтымақтастық келісімшарттар жасаған. «Мәулана» академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойын­ша Түркияның алдыңғы қатарлы университеттерімен, оның ішінде Хад­жетепе, Гази, Эрджиес университет­терімен екіжақты келісімшарт жасалды. Келісімдер негізінде, білімгерлер 1 се­местр бойы ағылшын және түрік тіл­дерінде білім алуда. «Визитинг-профессор» бағдарламасы бойынша 264 оқытушы-профессоры Ұлыбритания және АҚШ-тың Оксфорд, Кэмбридж, Екзетер, Брунель, Небраска, Линкольн, Огайо, Кампус, Саффолк универси­теттерінен және Германия, Польша, Кипр, Болгария, Норвегия, Испания, Түркия және Ресейдің алдыңғы қатарлы университеттерінен екі апталық дәріс оқуға шақыртылды. Сонымен қатар екіжақты келісімшарт және «Мәулана» бағдарламасы бойынша универси­тетіміздің оқытушы-профессорлары Түркияның Эрджиес, Ялова, Кырккале, Думлуыпынар, Сакрья, Акдениз, Код­жаели, Битлис Эрен универ­ситет­терінде білімін арттырып келді. Сондай-ақ Ака­демиялық ұтқырлық бағдар­ламасы бойын­ша 400-ге жуық білімгер Түркия және Еуропа мемлекеттерінде, оның ішінде Финландия, Италия, Болгария, Польша елдерінде бір семестр жоғары білімді дамыту мүмкіндігіне ие болды. Түркия, Қырғызстан және тағы басқа елдерден 245 шетелдік білімгер келіп білім алды.


Университетте қалыптасқан оқу жүйелерімен қатар, білімгерлерге қашық­тықтан білім беру бағдарламалары қолға алынған. Оқытушы-профессорлар озық технологияларды пайдалана отырып, жер шалғайлығына қарамай, интернет технологияларының көмегімен студент­терге білім беруде. Оқуға қажетті мате­риалдар оқу қоры жинақталған портал сайтта орналастырылған. Оқу орнының материалдық-техникалық базасы жо­ғары деңгейде деп нық сеніммен айтуға болады.

Ғылыми-зерттеулердің нәтижелі бо­луы магистранттарға, докторанттарға, ғалым-ұстаздардың қабілет-қарымы мен ізденістеріне тікелей байланысты. Олар­дың біліктілігін арттыру мақсатында жан-жақты жағдай жасау уақыт талабы. Университетте магистратура, докторан­тураға көбірек орын бөлініп, шетелдік импакт-факторлы журналдарда ғылыми мақалалардың жиі жариялануын талап ету арқылы да ғылым әлемінде біршама жетістікке қол жеткізілді. Алда тұрған ұлан-ғайыр міндеттерге сай келетін университеттің жаңа стратегиясы жасалып, білім-ғылым бағытындағы алдағы жылдары атқарылуға тиіс іс-шаралар ауқымы нақтыланды. Басты міндет – жоғары білім сапасын халықаралық талаптарға сәйкестендіру мен әлемнің жетекші университеттері қатарына қосылу мақсатында қойылатын талаптарды жүйелі түрде жүзеге асыру. Осыған сәйкес, бірнеше халықаралық жоғары оқу орнының, Назарбаев университетінің оқу жоспарлары сарапталып, ғылыми және медицина бағытындағы мамандықтардың оқу жоспарлары халықаралық деңгейдегі оқу жоспарларымен теңестірілді. Педагогикалық бағыттағы мамандықтар Білім және ғылым министрлігі бекіткен мемлекеттік стандарттар негізінде қалдырылды.

Алда тұрған өзекті мәселенің бірі – оқытушы-профессорлардың сапалық құрамын талапқа сай жоғары дәрежеге көтеру. Ғылым кандидаттары 300-ден асады. Профессорлар болса, 100-ден астам. Бұл аз. Олардың санын 200-ге жеткізу көзделуде. Мұнан тыс Түркияның бірқатар университетінен 200-дей профессор кезек-кезегімен келіп, лекция оқуда.
Білім ордасындағы барлық оқу жүйесі мен зертханалар жаңа техникалармен және интернет жүйесіне қосылған компьютерлермен, интерактивті тақталармен қамтамасыз етілген, спутниктік байланыс жүйесі тұрақты пайдаланылуда. Шәкірттердің сапалы да тиянақты білім алуларына мол мүмкіндік бар.
Университетте қазіргі кезде 29 ұлт өкілі саналатын 9 мыңға жуық жас білім алуда. Оның ішінде түркітілдес 15 мем­лекеттен келген 1200-дей студент пен тың­даушы бар. Студенттер негізінен, қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілдерінде оқытылады. Сондай-ақ барлығы 54 ма­ман­дық бойынша білім алуға мүмкіндік болса, 30 мамандық бойынша магис­тратура, 4 мамандық бойынша резиден­тура және 11 мамандық бойынша докторантура (PhD) ашылған.

Жыл сайын қазақстандық талап­керлерге Түркия Республикасы тара­пынан 500 білім гранты беріледі. Бұл гранттар университетте тегін білім алуға мүмкіндік береді. Түркия гранттары бірінші кезекте республика бойынша ҰБТ мен КТ қатысып, жоғары ұпай жинағанмен Қазақстан грантына түсе алмаған талапкерлерге беріледі. Бұл орындарға Білім және ғылым министр­лігінің тізімі бойынша Қазақстанның барлық облыстарынан талапкерлер оқу­ға қабылданады. Халықаралық және республикалық пәндік олимпиада жүл­де­герлеріне, әлем, Азия, республика дең­гейлерінде жүлдегер атанған спорт саңлақтарына да грант беріледі. Соны­мен қатар тұл жетім және мүгедек талап­керлерге де орын бөлінеді. Осы арнайы бөлінген орындардан қалған гранттық орын­дар жалпы конкурсқа құжат тап­сырған талапкерлер арасында өткізіледі.
Түркия грантын жеңіп алған талап­керлер бір жыл бойы Дайындық фа­культетінде Foundation бағдарламасы бойынша тегін оқытылады. Конкурс Білім және ғылым министрлігінің жүйесі бойынша бейіндік пәніне сәйкес келген мамандықтар бойынша жүргізіледі.
Жоғары білімнен кейінгі білім беру бағдарламасы бойынша Түркия Респуб­ли­­­касының жоғары оқу орындарына түсуші білімгерлерге де гранттық орын­дар бөлінген. Түркияның жоғары оқу орындарында оқып, білім арттырып келетін жастардың саны жыл өткен са­йын арта түсуде. Көптеген түлектеріміз магистратура және докторантура бағ­дарламалары бойынша оқуларын та­бысты аяқтап, қазіргі таңда универси­теттің 9 факультетінде оқытушылық қызмет атқарып жүр.
Ұлттық бірыңғай тестілеу немесе кешенді тестілеу нәтижесінде, қабылдау комиссиясы тізімінде ең жоғары ұпай алған студентке тоғыз ай бойы ай сайын қосымша ынталандыру шәкіртақысы төленіп келеді.
Қазіргі таңда университетте білім беруді сала-сала бойынша дамытуға айқын бағыт алынып отыр. Солардың бір-екеуін тілге тиек ете кетейік. Айта­лық, медицина саласы бойынша маман­дар Еуропа стандарттарына сәйкес дайындалады. Ғылымға иек артқан тәжі­рибелі ғалым-мамандар жетерлік. Түр­кия Республикасының бірнеше оқу орнымен келісімшарт түзілген. 2012 жылғы қаңтар айынан бері Медицина факультетінің 4-курс студенттері Хажет­тепе университетінде бір семестр бойы ағылшын және түрік тілдерінде білім алуда. Университетте аумағы 13 мың шаршы метр болатын 120 орындық жаңа клиника жұмыс істейді. Клиника Түр­киядан арнайы алынған қажетті меди­циналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Материалдық база жоғары дәрежеде. Клиникалық база­лардың материалдық-техникалық жағы­нан озық үлгімен жарақтандырылуына шетелдік ғалым-мамандар жоғары баға берді. Халықаралық қазақ-түрік уни­верситеті жанынан клиникалық-диаг­ностикалық орталықтың ашылуы Түр­кіс­тан қаласының ғана емес, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының да тұрғындарына сапалы қызмет көр­сетумен қатар, Медицина факультеті студенттерінің біліктілігін арттыруда да үлкен маңызға ие болып отыр. Сонымен медицина мамандықтарында білім алатын студенттер үшін Шымкент және Түркістан қалаларында екі клиника оқу базасы ретінде пайдаланылуда.

Халықаралық білім ордасында Ғы­лым орталығы жұмыс істейді. Оның құрамында Түркология, Экология және Археология ғылыми-зерттеу инсти­тут­тары бар. Университеттің ғылыми-зерт­теу институттары Елбасының ұлттық бәсекелестікке қол жеткізу үшін білім мен ғылымды өндіріспен ұштастыру, отан­дық инновация жүйесін қалып­тастыру бағытындағы алға қойып отыр­ған талаптарды орындау жөнінде ғы­лыми-зерттеу аясын кеңейте түсуде.

Университетте ғылымды дамыту бас­ты бағытқа айналған. Қазірге дейін грант­тық жобалар мен конкурстарға қатысу нәтижесінде, 550,2 миллион теңге көлемінде орындалды. Бұл көрсеткіш 2013 жылы 69 миллион теңге көлемінде ғана болатын.

Университетте кәсіби бағдар жұмыс­тары жүйелі жүргізілуде. Әлеуметтік желілердегі талапкерлерге арналған па­рақ­шалар күн сайын үздіксіз ақпараттар жариялауда. Озат оқушыларды қа­былдау, қолдау мақсатында 2014 жылдан рес­публикалық «Ясауи» пәндік олим­пиадасы ұйымдастырылып, жыл сайын 100-ге жуық Түркия гранты қазақстандық мектеп бітірушілерге берілуде. Дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» мек­теп-лицейінен (ҚТЛ), «Дарын», Назарбаев зияткерлік мектептерінен қабылданатын білімгерлердің саны да көбеюде. Олардың ішінде ҰБТ бойынша ең жоғары балл алып, ерекше нәтиже көрсеткен білімгерлер де бар. Қазіргі таңда зерек және шет тілдерін жетік меңгерген талапкерлерді университетке тарту мақсатында арнаулы мектеп-гимназиялармен жүйелі байланыстар орнатылуда. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, университетке жыл сайын қабылданатын білімгерлердің саны артып, жағрапиялық аумағы арта түсуде.

Ежелгі Түркістанда шаңырақ көтер­ген Халықаралық білім ордасы тек ғы­лым мен білімнің нәрімен сусындатып қоймай, қалаға көрік беретін үздік сәу­леткерлік шеберлікпен салынған оқу ғимараттарымен, оқытушы-профес­сорларға арнайы салынған коттед­ж­де­рі­мен, спорттық сауықтыру кешен­дерімен, зәулім Мәдениет орталығымен, жатақ­хана, асхана және кітапхана ке­шен­дерімен де ерекшеленеді. Аумағы 160 гектарды алып жатқан таңғажайып ботани­калық бақ та қасиетті Түркістан­ның көркіне көрік қосып тұр.
Білім ордасының спортшылары биік бе­лестерді бағындыруда. Спорттың 13 түрі бойынша секциялар жұмыс істейді. Бізде қазақ күресінен 3 әлем чемпионы, бокстан 1 әлем чемпионы, Азия ойында­рының 4 жеңімпазы бар. Қазақша күрес­тен университет түлегі Мәди Құрымбаев әлемнің екі дүркін жеңімпазы. Білім жә­не ғылым министрлігінің ұйымдас­тыруымен өткен ІХ жазғы универсиада ойындарында еліміздің 53 жоғары оқу орнының спортшылары бақ сынады. Жалпы командалық есепте университет спортшылары жүлделі үшінші орынды иеленді.
Елбасы Н.Назарбаев­­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының екінші бөлімінде қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларды қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қа­жет­ті нақты жобаларды жүзеге асыруы­мызды да талап ететіні алға тартылып, таяу жылдары атқарылуы тиіс міндеттер белгіленді. Осы орайда Елбасы ең бірін­ші қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастау қажеттігіне тоқ­талды. Тұңғыш Президенттің қазақ әліп­биін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлығы Тәуелсіз еліміз­дегі ең басты оқиғалардың біріне айна­лып отыр. Білім ордасының оқытушы-профессорлары мен студенттері латын әліпбиіне көшу – Қазақ елінің рухани жаңғыруындағы жаңа қадам екенін терең түсіністікпен қабылдап, барынша қолдауда. Бұған Жарлыққа қол қойылған күннен бастап, аудиторияларда өткен басқосулардағы жүрекжарды ой-пікірлер мен тебіреністі лебіздер айқын дәлел. Жарлықта нақты көрсетілгендей, латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің бекітілуі, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құру, қазақ тілі әліп­биінің 2025 жылға дейін латын графика­сына кезең-кезеңімен көшуін қамта­масыз ету, осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де, соның ішінде ұйым­дастыру­шылық және заңнамалық сипат­тағы, шаралар қабылдау мақса­тын­дағы Қаулы баршамызды жігерлендіріп, қуанышқа бөлеуде.
Елбасының бағдарламалық мақала­сын әбден екшеп, ой елегінен өткізіп, мың ойланып, жүз толғанып барып қо­лы­­на қалам ұстағаны анық. Бұл еңбек­ті елдік толғауы десек те болады. Себебі, қа­­зақ тілінің латын әліпбиіне көшуі Қа­зақ елінің рухани жаңғыруы аясында жүзеге асырылғалы отырған кең ауқым­ды жобалардың бірі екені айдан анық. Қоғамдағы қызу талқылаулар бұл про­б­ле­­ма­ның қаншалықты маңызды екенін дәлелдеп отыр.

Біз қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру мәселесіне үлкен дайындықпен келіп отырмыз. Тұң­ғыш Президентіміздің 2012 жылы ла­тын әліпбиіне көшу туралы идеяны ор­т­аға салғаны есімізде. Содан бергі бес жы­лға жуық уақыт дайындықпен өтіп ке­леді десек, қателеспейміз. Тәуелсіз­дік­тің алғашқы жылдарынан бастап, латын әліп­биіне өткен Әзірбайжан, Өзбекстан мен Түркіменстан елдерінің тәжірибесі – еліміз үшін үлкен сабақ. Бауырлас ел­дер­дің жүріп өткен жолындағы кем­ші­лік­тері мен жіберген қателіктерін қайта­ла­мау әліпби реформасын сәтті жүргізуге ық­пал етері анық. Білім ордасының студенттеріне латын әліпбиіне көшу қиын­дық тудырмайды. Олай дейтініміз, біз­дің студенттерімізге барлық маман­дық­тар бойынша дайындық топтары мен бірінші курстан бастап-ақ ағылшын тілі мен түрік тілі тереңдетіліп оқытылады. Біз барша түркі дүниесі әлем елдерінің басым көпшілігі қолданып отырған жазуға көшсе, біріншіден, өзара ақпарат ал­масудың жеңілдейтініне, екіншіден, жа­һандық өркениетке даңғыл жол салы­на­тынына кәміл сенеміз.
Елбасының бағдарламалық мақа­ла­сында алға қойылып отырған ұлты­мыз­дың рухани жаңғыруына бағытталған таяу жылдардағы міндеттер біртұтас ұлт болуға, мәдени және сана ашықтығына ұмтылуға, қанымызға сіңген, тамыры­мыз­да бүлкілдеген ізгі қасиеттерді қайта түлетуге бастайды. Халқымыз кириллица аталған әліпбидің ықпалынан, анығырақ айтқанда, оның толыққанды иесі сана­ла­тын жұрттың саяси-ақпараттық ықпалынан арылатын кезеңге де жетті. Енді міне, еліміздің рухани өміріндегі елеулі кезеңге де қадам басқалы тұрмыз.
Елбасының бағдарламалық еңбегінде қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жоба­сы­на айрықша мән берілген. Бұл жас ұр­паққа жаңа сапалық деңгейде білім беруге батыл бетбұрыс жасап, білім сала­сын­дағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейім­делген мамандарды даярлау деген сөз.


Мемлекет басшысы мақаласында «Ту­ған жер» бағдарламасы мен «Қазақ­стан­ның қасиетті рухани құндылықтары» не­месе «Қазақстанның киелі жерлерінің гео­графиясы» жобасын жасауды тапсырды.

Елбасы «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзе­гіне айналатынына кәміл сене оты­рып, Қазақ елін мекендейтін әрбір жанның бойын­дағы туған жерге деген сүйіс­пен­ші­лік­тің Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласатынын қадап тұрып айтты. Әрбір қазақстандық өз елінің патриоты болуға міндетті. Патрио­тизм өз тарихы мен тамырын білумен тікелей байланысты болса керек.

Сан ұлтты студенттер арасындағы достық білім ордасының қабырғасында жүргенде мәңгілік нығая түседі. Бүкіл түркі халықтары ынтымағының негізі де солар. Олар өзара қарым-қатыныста жүріп, туыстас халықтардың тарихын, мәдениетін және тілін терең ұғынады. Білім ордасының студенттері өзге сту­дент­терден білім сапасымен ғана емес, сонымен қатар патриоттық рухымен де ерекшеленеді. Университет еліміздің нағыз париоттарын даярлауда. Өз дәуі­рін­дегі білім мен адамгершіліктің жарық жұлдызы, байсалдылық пен салауат­ты­лық­тың, адамдардың ар-ұятының сим­волы болған Қожа Ахмет Ясауи бабамыз атындағы Халықаралық университеттің рухани астанамыз – қасиетті Түркістанда шаңырақ көтеруі жастар жүрегіне әр­дайым қасиет нұрын құяды. Осы орайда Елбасымыздың халыққа дәстүрлі Жолдауындағы «Ендігі ұрпақ – Мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік ел!» де­ген тебіреністі сөздерінің жүректерге ұя­лап, толқытқаны ақиқат. Кезінде Елба­сының идеясымен шаңырақ көтер­ген білім ордасының студенттерін Мәң­гі­л­ік ел идеясы нұрландырып, патриот­тық сезімдерін алаулата түсуде.

Әрбір халықтың баршаға ортақ қасиетті жерлері болады. Осы тұрғыдан келгенде Елбасы «Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесене­сін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнық­тыруды меңзейді» деп ежелгі тари­хи жәдігерлерімізді тілге тиек ете келе, мұның бәрі тұтаса келгенде халқы­мыз­дың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайтынын айтады. Президент «Қазақстанның киелі жерлерінің гео­гра­фия­сы» жобасын әзірлеу барысында ішкі және сыртқы мәдени туризмді өр­кен­дету мақсатымен осы қастерлі мұра­лар­ға сүйене отырып, мәдени маңызды­лы­ғы тұрғысынан келгенде Түркістан мен Алтайдың ұлттық немесе құрлықтық қана емес, жаһандық ауқымдағы құн­ды­лық­тар екеніне баса назар аударады.
Адамзат баласы тарихындағы түркі әлемі деген қастерлі ұғымның түпқа­зығы, рухани шаңырағы ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің отаны – қасиетті Түркі­станда бабалар рухы жаңғырып жатыр. Қа­зақ хандығының астанасы болған ежелгі Түркістан – тегі бір, ділі бір, діні бір күллі түркі халықтарының ата­жұр­тында басын қосып, рухын асқақтататын руханият орталығы, рух астанасы. Кезінде «Дін – апиын» деген қағида ұс­тан­­ған Кеңес үкіметінің тұсында Ясауи бабамыздың кесенесі де, Түркістан қаласы да «өгейлік» көрді. Кеңестік империя идеологиясы ұлт перзенттеріне бай­ланысты сыңаржақ көзқарас қалып­тас­тырғанымен, халық жадынан тарихи ақиқатты өшіре алған жоқ. Ұлы ақын-әулиені рухани көсем санаған мұсылман­дар тоғыз жүз жылдан бері оның ілімімен бірге жасап келеді. Бұл жөнінде Қазақ елінің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында тол­ғаныспен жазған болатын. Қазір киелі Түркістанда классикалық фило­со­фия­лық, археологиялық, тағы да басқа бағыттарды кең өріс алдыру үлкен ма­ңызға ие. Бұған білім ордасының ғалым­дары өз үлестерін қосуға дайын. Олай дейтініміз, ғылыми әлеует бар. Таңға­лар­лығы сол, күні бүгінге дейін Ахмет Яссауи терең зерттелмеген, ұлы ғұламаның жеке өмірі, тарихы жөнінде там-тұмдап қана білеміз. Яссауи музейі қажет-ақ. Сондай-ақ осында жерленген хандарға, батырлар мен билерге арналған ашық аспан музе­йін іске қоссақ, қала мәртебесінің биік­тей түсері сөзсіз. Түркістан атырабында ескі шаһарлар тұтасып жатыр. Демек, қазба жұмыстарын кең бағытта жүргізіп, саяхатшылар тамсана тамашалайтындай жағдай туғызу қажет. Ата-бабадан мирас болып қалған ұлттық қолөнерді жаңғыр­тып, оны жаңа сәулет өнерімен үндес­тіре білсек, қанеки. Осындай игілікті істерді Арыстан бабта, Сығанақ қала­шы­­­ғында, өзге де тарихи мекен­дер­д­е жүр­гізер бол­сақ, бұл туризмнің дамуына не­гіз болар еді. Айталық, уни­вер­си­тетіміздегі Архео­ло­гия ғылы­ми-зерттеу институты­ның Сығанақ архео­ло­гия­лық экспедициясы орындап жат­­қан «Тари­хи-мәдени мұра нысаны – ортағасырлық Сығанақ қала­сында археологиялық зерттеулер жүр­гізу» деген ғылыми жоба маңызға ие. Инс­титут «Ортағасырлық Сығанақ қала­сы» атты ашық аспан мұражайын ашу жөнінде ұсыныс берді.

Қазақ елі Тәуелсіздігінің жиырма алты жыл мерзімі ішінде Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың көтерген идея­сы киелі Түркістанның ұлы қасиеті­нің жандана түсуіне, бүгінгідей ізгілікті істер­дің белең алуына басты негіз болды. Бұ­рын аудан орталығы болып келген ша­ғын шаһар қазір мәдени орталықтары көз тартатын жасыл желекті, көрікті қалаға айналып келеді. Қасиетті мекен­нің жасарып-жаңғыруында, өсіп-өркен­де­уінде Қазақ елі Тәуелсіздігі қарсаңында дүние­ге келген халықаралық қазақ-түрік университеті ерекше рөл атқарып отыр десек, артық айтқандық емес. Білім орда­сы еліміз Тәуелсіздігінің символына, түр­кі халықтарының білімі мен ғылымы­ның, мәдениетінің алтын бесігіне айнал­ды.


Елбасының киелі Түркістанға жиі-жиі ат басын бұратыны мәлім. Кеңес Одағының кезінде-ақ университет ашу жө­ніндегі Жарлыққа қол қойған оның білім ордасының болашағына үміт-сенім­мен қарағаны күмәнсіз. Әлем түркілерінің рух астанасы – қасиетті Түр­кістанның бүгінгідей жасарып-жаң­ғы­руында білім ордасы жетекші рөл атқарып отырса, түркілер бірлігі жолын­дағы ұлы іске тас-түйін жұмылған мың­даған шәкірт университет қабырға­сы­нан түлеп ұшып жатса, бұл сенімнің ақтал­ғаны емес пе?! Қасиетті Түркістан топы­ра­ғына қадам басқан сайын алды­мен, уни­верситетке соғып, оқы­ту­шы-профессорлармен, сту­дент­тер­мен жүздесетіні, өзекті мәселелерді егжей-тегжейлі сұрас­тырып, аландау­шы­лық білдіретіні де дәл сондықтан болар. Зиялы қауым мен шәкірттер осы білім ордасын мақтаныш сезіммен «Елбасы құрған университет» деп атайды.

У.ӘБДІБЕКОВ, 

Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры, профессор

Напишите свой вопрос

 

    ×