ДӘСТҮРЛІ «ДАРЫН–2018» ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ

Түркістанда дәстүрлі «Дарын» фестивалі басталды. Халықаралық қазақ-түрік университеті базасында ұйымдастырылған шараға осы оқу орнының 100-ге тарта студенті қатысуда. 3 күнге созылатын шара аясында… әр саланың нағыз таланттары анықталмақ. Биылғы байқау қазақтың өнер абызы, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты Райымбек Сейітметовтың 80 жылдығына арналып отыр.

«Дарын» фестивалі — талай дарынды қияға қанат қақтыртқан сайыс. Дәстүрлі байқаудың алғашқы жеңімпаздары — қазір қазақ эстрадасының көрнекі өкілдері. Мәселен, Бақытжан Мұстафаев, Нұржан Қалжан және «Мақсат пен Мақсат» топтарынан бөлек, опера әншісі Оразгүл Дәулетовалар да дәл осы сайыста топ жарған. Өзінің өміршеңдігін аңғартқан дәстүрлі дода бұрындары тек ән бағытында өрбісе, биыл өрісін кеңейтіп, 10 жанрда шымылдық түрді.

Әмірбай Ботақараев – Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-і продюсерлік орталығының директоры

Бұрын тек ән байқауын өткізуші ек, қазір енді, бізде мамандық көп, дизайн дейміз, актерлік өнер, міне осы мамандық иелерін де осы байқауға тартып отырмыз. Сондықтан ауқымы кеңейіп отырған жайы бар.

Жыл сайын бұл байқауда 20-25 студент өнер сынына түссе, биыл үміткерлердің қарасы қалың. 100-ден асады. Ауқымы мен талабы күшейген байқаудың әділқазылар алқасы да осал емес. Өнердің өр биігіне шығып, қазақ мәдениетінің дамуына үлес қосқандар. Солардың бірі – облыстық әзіл-сықақ және сатира театры директорының орынбасары Марат Оразметов.

Марат Оразметов – Әділқазылар алқасының төрағасы

Біз осы фестиваль арқылы өнердің таланттарын, жалпы жастардың өнеріне жол ашпақпыз. Олар ертең қазақ өнерінің жұлдызы болады.

Елбасының «Болашаққа бағдар — Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын негізге алған сайыс бұл жолы Түркістанның тумасы Райымбек Сейітметовтың 80 жылдығына арналып отыр. Сондықтан да жүлделі 1,2,3 орындардан бөлек, театр майталманының шәкірттері… дарынды студенттер үшін қосымша сыйлықтар да тағайындады. Ондағы мақсат – талаптыға жол ашу.

П.Биназарқызы

Напишите свой вопрос

 

    ×