Ахмет Ясауи университеті: Түркістан облысының құрылуы қаламыздың өркендеуіне тың серпін береді

Бүгін Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұжымы қасиетті қаланың Түркістан облысы мәртебесіне ие болуына орай салтанатты шара өткізді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Университет ректоры Болатбек Әбдірәсыловтың айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңының 9-бабына сәйкес, Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру және облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы Жарлыққа қол қоюы – халық үшін қуанышты жаңалық болды. Университет ректоры және ректор өкілі М.Куталмыш оқу орда ұжымын тарихи маңызды оқиғамен құттықтады.

«Киелі Түркістан қаласының Түркістан облысының орталығы атанып, облыс мәртебесіне ие болуы құтты болсын! Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан тарихындағы үлкен маңызға ие шешім туралы Қазақстан халқына арнайы хабарлады. Қасиетті Түркістанды облыс мәртебесіне көтерген Елбасымыздың көрегенділігіліне университет ұжымы атынан ризашылығымды білдіріп, рахмет айтқым келеді.  Түркістан — қазақ хандығының астанасы болған, екі мың жылдық тарихы бар, Ұлы Жібек жолы тоғысқан киелі қала.  Мәңгілік елді Ұлы мұрат тұтқан қазақ елінде үлкен қуанышты оқиғаның орын алуы барша қазақстандықтарды қуанышқа кенелтіп отыр. Қазақ тарихындағы Ұлы шешімдер қабылданған қазақ хандығының ордасы болған шаһардың мәртебесі өсіп отыр», — деді Болатбек Әбдірәсылов.

Сондай-ақ, ол Ұлт көшбасшысының Түркістан облысын құру туралы Жарлығы киелі қаланың өсіп-өркендеуіне тың серпін беретін атап өтті.

«Қала аумағында үлкен құрылыстар жүріп, тарихи қала қайта жаңғырып түлейді. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласымен астасып жатқан бұл шешім қаламыздың қайта жаңаруына септеседі. Қаламыздың облыс орталығы атануы біздің университетіміз үшін де үлкен серпіліс береді. Оқу орнымыздың әлеуеті өсе түсетін болады. Білімді жастардың қаламызға қызығушылығы артады. Университетте студенттер контингенті өсіп, түркі дүниесіндегі, республикамыздағы географиялық аумағы ұлғая түседі деп сенеміз» — деді университет ректоры Болатбек Әбдірасілов.

Сондай-ақ, салтанатты іс-шарада қуанышты лебіз-тілектерін білдірген «Қоғамдық ғылымдар және журналистика» кафедрасының  профессоры, ф.ғ.д., С.Садықов, Филология факультетінің деканы, ф.ғ.к, доцент Н.Қ.Айтбаева, «Актерлық өнер» мамандығының бітіруші студенті А.Ілескен баяндама жасады.

Напишите свой вопрос

 

    ×