1500 орындық жатақхананың іргетасы қаланды

ZANMEDIA. KZ 15.12.2020 санына университетімізде бой көтерген 3 жатақхана жайында оқи аласыздар.
Сілтемесі: https://zanmedia.kz/52729/1500-oryndy%D2%9B-zhata%D2%9Bhanany%D2%A3-irgetasy-%D2%9Balandy/

Бүгін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттеріне арналған 500 орындық 3 жатақхана құрылысының іргетасын қалау рәсімі өтті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасындағы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Білім және ғылым министрлігі ұсынған модель негізінде инвестор тарту әдісімен университетімізде шетел мен еліміздің алыс аймақтарынан келіп оқитын білімгерлердің көбеюіне байланысты 500 орындық 5 қабатты 3 жатақхана салуды жоспарлы түрде жүзеге асырылды. Бүгінгі жиынға Университет президенті Болатбек Абдрасилов пен I вице-президенті Женгиз Томар бастаған профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Қазіргі таңда, оқу орнымызда 10.000-нан астам студент білім алуда. Қазір қашықтықтан білім алып жатқан студенттеріміз келер жылы заманауи үлгідегі жайлы жатақханаға орналасатын болады.
«Еліміздің ең қастерлі мерекесі Тәуелсіздік күнімен баршаңызды құттықтаймын. Бүгінгі заманауи үлгіде салынатын 500 орындық 3 жатақхананың жобасымен таныстық. Жатақхана құрылысы жоспарланған уақытта аяқталып, студенттер жаңа қоныстарына жайғасатын болады. Облыс басшылығы тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі»,- деді іс-шарада сөз алған Түркістан облысының орынбасары Арман Сәбитов.
Жатақханада студенттердің жайлы тұруы, оқуы, демалуы үшін барлық жағдайлар жасалады. Жатақханада студенттердің бос уақытын тиімді пайдалануына арналған демалыс алаңдарымен, «Workout» спортпен айналысу алаңдарымен, автокөлік және велосипед тұрақтарымен жабдықталатын болады. Жатақханада тренажер залы, соның ішінде балалар залы, кафе, Жастар орталығы, сауда үй-жайы, асхана және сұлулық салоны, 140 орындық қонақ үй, супермаркет, стоматология, сауда орындары орналасатын болады. Студенттік тұрғын үй кешенінде студенттерге, отбасылық жұптарға және халықтың қауқары аз топтарына бағдарланған студенттік жатақханалардың толыққанды аймағын қалыптастыру қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. Университет президенті Болатбек Абдрасилов: «Еліміздің барлық аймағында соңғы екі жылдың ішінде жатақханалар салу ісі қолға алынып жатыр. Бүгін Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Түркістан қаласында Ахмет Ясауи университетінің жастарына арналған еңселі 1500 орындық жатақхананың іргетасы қалануда. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Н.Назарбаевқа, Президентіміз Қ.Тоқаевқа, облыс басшылығына алғысымыз шексіз. Заманауи үлгіде бой көтеретін жаңа жатақхананың салынуы университетіміз үшін тарихи сәт»-деп құттықтауын жолдады.
Инвестор «Alem Trust Construction» ЖШС директоры Асқар Құрбанов жаңа заманауи үлгідегі жатақхана 2021 жылы қыркүйек айында қолданысқа берілетінін айтып, жатақхана құрылысымен таныстырды.

Напишите свой вопрос

 

    ×