БІЛІМ ОРДАСЫНЫҢ МЕРЕЙТОЙЫ КЕЛЕР ЖЫЛЫ КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАЛЫП ӨТЕДІ

Түркістан газетінің 2021 жылы 1 наурызда шыққан санында университет ректоры Б.С. Абдрасиловтың БІЛІМ ОРДАСЫНЫҢ МЕРЕЙТОЙЫ КЕЛЕР ЖЫЛЫ КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАЛЫП ӨТЕДІ деген мақаласы жарық көрді. Толық мына сілтемеден оқи аласыздар:https://yassy-tur.kz/?p=20559
30 жылдай уақытты артқа тастаған, Халықаралық мәртебеге ие Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті бүгінде еліміздің беделді оқу орындарының бірі. Бұл – Елбасы Н.Ә.Назарбаев идеясының жемісі. «Қазақстанның халық шаруашылығы үшін жоғары білікті мамандарды университет деңгейінде даярлауды кеңейту, Орта Азияның ежелгі ғылыми және мәдени орталығы – Түркістан қаласын алға қарай дамыту мақсатында, 1991 жылы Түркістан Мемлекеттік университеті ашылсын» деген Жарлыққа қол қойған Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев осы оқу орнына үлкен үміт артқан болатын. (Қазақ ССР Президенті Н.Назарбаев Алматы қаласы, 1991 ж. 6-маусым. №329 Жарлық) Елбасымыздың Тәуелсіздікпен қатар құрылған оқу ордасын күллі түркі халықтарының данасы атанған, ойшыл, ағартушы, діни қайраткер – Қожа Ахмет Ясауидің есімімен атауында үлкен мән жатыр. «Түркі әлемі» деген қастерлі ұғымның түпқазығы, рухани шаңырағы, ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің отаны – қасиетті Түркістанда бабалар рухы жаңғырып жатыр. Түркістан – тегі бір, ділі бір, діні бір күллі түркі халықтарының Атажұртында басын қосып, рухын асқақтататын руханият орталығы, рух астанасы!
Ал 1992 жылы 1 мамырда Қазақстан және Түркия Үкіметтерінің арасындағы келісім бойынша аталған университет «халықаралық университет» мәртебесіне ие болды. Осы ұлы істің басы-қасында сол кездегі ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Түркияның сол кездегі Премьер-министрі, кейін Президенті болған Сүлеймен Демирел жүрді.
Міне, осылайша Түркістанда түркі әлеміндегі алғашқы халықаралық оқу ордасы шаңырақ көтерді. Сол тұста Елбасымыз университеттің болашақта барша түркі жұртының жастарының басын біріктіретін, ортақ білім алатын оқу ордасына айналатынын айтқан еді.
Н.Назарбаев еңселі оқу ордасы жайлы:
«Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркістанды түркі дүниесінің ортақ білім шаңырағына айналдырады», – деген тамаша пікір қалдырды. Міне Нұрсұлтан Әбішұлының көреген саясатының арқасында университет бүгінде түркі әлемі жастарының ортақ оқу ордасына айналды. Бүгінде университетімізден 80 мыңға жуық түлек білім алып шықса, олардың арасынан шыққан көптеген мақтаныштарымыз шетелде және мемлекетіміздің түрлі басқарушы құрылымдарында, ірі медиахолдингтер мен ұйымдарда басшылық қызметтерін атқарып келеді.
Оқу ордасының «Құрметті профессоры» Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайип Ердоған да:
«Университетке есімі берілген Қожа Ахмет Ясауи Түркістаннан Анадолыға және Балқанға дейін созылып жатқан кең байтақ алқаптың рухани шамшырағының бірі» деген ойын жеткізді.
Осылайша жоғары оқу орны отыз жыл уақыттың ішінде егемен елімізбен бірге өрлеу кезеңін бастан кешірді. Халықаралық университет 2020 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ерекше мәртебеге ие болды.
Қазақстандықтардың сеніміне ие болып, мемлекетімізді басқару ісіне кіріскен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұңғыш сапарын Түркістан қаласынан бастады. Бұл тарихи күндегі тарихи сәт университет абыройын тағы асқақтатқан еді.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев университет ұжымымен кездесуінде «Біз университет мәртебесін көтермей, Түркістанды көтере алмаймыз» деген келелі пікір айтты.
Университет мақсаты – түркітілдес мемлекеттердің жастарын бір шаңырақ астында топтастырып, сапалы білім бере отырып инновациялық оқыту мен ғылыми зерттеулерде көшбасшы болу.
Бүгінде оқу орнында бакалавриат, магистратура, резидентура мен докторантура бойынша 11 факультетте 10 мыңнан аса шәкірт білім алуда. Білім ошағында әлемнің 19 мемлекетінен 40-тан астам ұлыстар мен ұлт өкілдерінің 1500-ден астам жастары оқиды. Оқу дәрістерін 78 ғылым докторлары мен профессорлары, 106 философия докторлары (PhD), 307 ғылым кандидаттары мен доценттері, 122 ғылым магистрлері жүргізуде. Оның ішінде Түркия Республикасынан келген профессорлар мен қызметкерлер саны – 35.
Іргелі оқу ордасында Мекемтас Мырзахметұлы, Рахманқұл Бердібай, Тәкіжан Ағдарбеков, Райымбек Сейтметов, Қажыбек Бекбосынов, Әшірбек Сығай, Намазалы Омашев, Рахима Жұбатырова тәрізді елімізге танымал белгілі ғалымдар мен әдебиет, өнер майталмандары, халық әртістері дәріс оқыды.
Оқу орнына Мұрат Жұрынов, Оразалы Сәбденов, Серік Пірәлиев, Лесбек Тәшімов, Уәлихан Әбдібеков сияқты академиктер басшылық етті. Түркістанда зиялы қауым өкілдерін қалыптастыру мен қала халқының мәдениетін көтеру тұрғысында да университеттің рөлі айрықша. Түркістан халқы мен өңір тұрғындарына қызмет көрсету мақсатында заманауи құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілген халықаралық қазақ-түрік университетінің клиника-диагностикалық орталығы жұмыс жасауда. «Түркістан Ахмет Ясауи» кәсіби колледжі де Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің филиалы ретінде жұмыс істеп келеді.
Университеттің 4 қабаттан тұратын 540 орынға лайықталған кітапханасының білімгерлер үшін есігі айқара ашық. Қазіргі таңда 7 оқу залы бар кітапханада 617 мыңға жуық кітап қоры жинақталған.
Білім алушылар үшін жақсы жабдықталған жатақханалар мен ғимараттар бар. Бұған қосымша, бүгінгі заманауи үлгіге сай 1500 орындық – 3 жатақхана салыну үстінде.
Сонымен қатар, студенттердің жағдайын басты назарда ұстаған оқу орнымыз тамақтану жағын да қарастырған. Оқу орнымызда комплексті тамақ 250 тенге болып белгіленген. Асханалардан білімгерлер күніне екі мезгіл тамақтана алады.
Жоғары оқу орнының ғылым және білім саласында жеткен жетістіктері де аз емес. Білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша «SCOPUS AWARD 2019» Халықаралық жалпыұлттық сыйлықтарын табыстау шарасы аясында университет «ЖЫЛ СЕРПІЛІСІ» сыйлығына ие болды. Әлемдік университеттердің QS EСCA аймақтық рейтингі бойынша 2019 жылы әлемдегі 350 ЖОО арасынан 213 орынды, Webometric рейтингі бойынша Қазақстандағы 100 жоғары оқу орындарының арасынан 18-орын, ARES әлемдік рейтингінде 95 ЖОО арасынан 11 орын, ал ұлттық АРТА рейтингінде 9-орын иеленді.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті өткен жылдан басталған COVID-19 пандемиясына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының елімізде төтенше жағдай енгізу туралы Жарлығына сәйкес оқу процесін толығымен қашықтан білім беру режіміне ауыстыруды өз уақытында әрі жоғары деңгейде ұйымдастырды. Бұған университетімізде соңғы 5 жылдан бері сәтті жұмыс жасайтынтолық аппробациядан өткен қазақ тілінде қашықтықтан білім беру платформасының оқыту жүйесі себеп болды. Бұл жүйе қашықтан білім беру бойынша Түркия тәжірибесі негізінде түркиялық мамандармен бірлесе құрылған.
Қазіргі жағдай бойынша университеттің бірінші курс студенттері және практикамен ұштастыра отырып офлайн түрде білім алуды қажет ететін білім алушылары толықтай дерлік дәстүрлі жүйеде оқып жатыр.
Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркістан тарихындағы орны дараланған оқу ордасы екеніне ешкім шүбә келтірмейді. Түрленген, гүлдей жайнаған Түркістанның жылнамасында өткені мен жеткені жағымды естеліктермен өрілген ХҚТУ тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтеректей дами бермек.
Университет алдағы уақытта да облыс орталығының көркеюі мен ел дамуына үлес қосар талай тұлғалардың білім көкжиегін кеңейтері айдан анық.
Тарих көрсетіп отырғанындай, биыл 1991 жылы құрылған Түркістан Мемлекеттік университетінің 30 жылдығын университет деңгейінде атап өтеміз.
Айта кету керек, Мемлекет басшымыз айтып өткендей, әлемді тығырыққа тіреген пандемия жағдайына байланысты қазір той тойлайтын заман емес. Дегенмен, оқу ордамыздың ірге тасын қалауға атсалысып, еңбегін сіңірген ардагерлер мен азаматтарымыз бар. Соларға құрмет көрсетіп, ішінара жиындар өткізіп, марапаттау сынды шаралар ұйымдастыратын боламыз.
Келер жылы Қазақстан және Түркия мемлекеттері басшыларының келісімінегізінде халықаралық университетке айналғаноқу орнымызға30 жыл толу мерейтойынабауырлас қос мемлекеттің ірі лауазымды тұлғаларын және басқада құрметті қонақтарды шақырып, халықаралық деңгейде кең көлемдедүркіретіп тойлаудыжоспарлап отырмыз.
Болатбек АБДРАСИЛОВ,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық
қазақ-түрік университетінің ректоры

Напишите свой вопрос

 

    ×