Университетіміздің 2002 жылғы түлегі Роман Төреханов ҚР Президентінің Күзет қызметінің бастығы лауазымына тағайындалды

Университетіміздің 2002 жылғы түлегі
Роман Төреханов
ҚР Президентінің Күзет қызметінің бастығы лауазымына тағайындалды

«Мемлекет басшысының өкімімен Роман Алмаханұлы Төреханов Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметінің бастығы лауазымына тағайындалды»,-деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Роман Төреханов 1999 жылы университетіміздің құқықтану мамандығына оқуға түсіп, 2002 жылы бітірген.
Магистратура бағдарламасын да осы оқу орнында оқып, 2004 жылы тәмамдаған.
Сонымен қатар, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, университетіміздің профессоры Қасымбеков Жақыпбек Айдарбекұлының жаттықтыруымен Роман студент кезінде-ақ Самбодан Әлем чемпионатының жүлдегері атанған.
Роман «құқықтану» мамандығында оқып жүріп, бұрынғы Жуковкий қазіргі Қазыбек би көшесіндегі оқу ғимаратымыздың күрес залында жаттығу жасайтын.
Түлегімізге жаңа қызметіне сәттілік тілей отырып, абыройлы болуына тілектестігімізді білдіреміз!
Біздің түлек- біздің мақтанышымыз!

9 ақпан күні Түлектер қауымдастығының бастамасымен оқу ордамызда қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызының «Отбасы берекесі» атты авторлық семинар-тренингі өтті.

9 ақпан күні Түлектер қауымдастығының бастамасымен оқу ордамызда қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызының «Отбасы берекесі» атты авторлық семинар-тренингі өтті.
Семинардың басты мақсаты – неке және отбасы институтын нығайту.
Оразкүл Асанғазы – мәдениет қайраткері, «Құрмет» ордені, «Еңбектегі Ерлігі үшін», «ҚазКСР ағарту ісінің үздігі» және «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері.
Рухани кешке университет ұжымы, студенттер мен зиялы қауым өкілдері, мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты.
Жиында сөз бастаған Оразкүл Асанғазы облыс статусына ие болып, көркейіп, түрленген Түркістанды көргеніне қуанышты екенін жеткізді.
Семинарда отбасының бақыты, шаңырақтың шайқалмауы кімге және неге байланысты екенін тарқата айтты. Әке мен ананың баланың өміріндегі рөлдері және бала болашағына тікелей әсері туралы айтты. Атап айтқанда, қыз баланың білім алуының маңызы, ана мен келін, дана әйелдің бейнесі, ер азаматтың жауапкершілігі, тәрбиенің түп-тамыры және т.б отбасы үшін маңызды тақырыптарға тоқталды.
Сондай-ақ, қазақ тілінің қасиеті, дінге беріктік, білімге құштарлық сияқты өзекті мәселелерді отбасы құндылығымен байланыстыра отырып, түсіндіріп берді.
Деннің саулығы мен жүрек тазалығын, ой сергектігі мен көңілді жүрудің адам мінезі мен тағдырына әсерін тілге тиек етті. Отбасындағы жылулықты сақтау мен бақытты өмір сүрудің жолдары туралы өз тәжірибесінен бөлек, ғалымдар мен ойшылдардың еңбектерін мысалға ала баяндады.
Баяндама соңында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын ортаға салып, ойларымен бөлісті. Алыстан ат терлетіп, оқу ордамызға арнайы келіп, әр шаңыраққа қажетті ақыл-ойымен бөліскен Оразкүл Асанғазыға ризашылықтарын жеткізді.
Университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова көпке үлгі болып, отбасының қадір-қасиеті туралы маңызды мәселені көтерген Оразкүл Асанғазықызына алғысын білдірді.
«Біз бүгін университетімізде кезекті мағынасы мол,тағылымы терең, көрерменнің ерекше ықыласына бөленген кештің куәсі болдық. Оразкүл Асанғазықызы өз баяндамасында тарих, қазақ тіліне деген құрмет пен жауапкершілік, жанашырлық, мәдени даму мен ұлтымыздың озық дәстүрлерінің үлгісін бір-бірімен сабақтастыра жеткізді. Оразкүл апамыз осылар арқылы жүрегіндегі үлкен махаббатын көрсетті. Халқы мен отанына, тіліне деген махаббаты әр сөзінен сезілді»,- деді ректор.
Кеш соңында ректорымыз университет атынан Оразкүл Асанғазықызына шапан жауып, гүл шоқтары мен сый-сияпаттарын табыстады.

Біздің түлек — САУРАН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ!!!

Біздің түлек — САУРАН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ!!!
ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслиxаттың келісімімен, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының өкімімен меритократия қағидатына сәйкес, Сауран ауданының әкімі болып Таңғатаров Мақсат Асылбекұлы тағайындалды.
Мақсат Таңғатаров 1981 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі. «Экономика» және «құқықтану» мамандықтарын бітірген.
Еңбек жолын 2003 жылы Түркістан қалалық білім бөлімінде есепші болып бастаған. 2012-2017 жылдары Түркістан қалалық әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы болған. 2017-2019 жылдары Түркістан қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 2019-2021 жылдар аралығында Түркістан қаласы әкімдігінің туризм бөлімі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде басшылық қызметтерді атқарған. 2021-2023 жылдары Түркістан қалалық Мәслихатының хатшысы болған.
2023 жылдың шілде айынан бастап Сауран ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.
Біздің түлек —біздің мақтанышымыз!
                                                                                                           

Журналистика мамандығының түлектерімен "Қаламдас қарлығаштар" атты әдеби-рухани кеш өтті.

Журналистика мамандығының түлектерімен «Қаламдас қарлығаштар» атты әдеби-рухани кеш өтті.
Бүгін университетімізде Журналистика кафедрасының ұйымдастыруымен «Қаламдас қарлығаштар» атты ерекше әдеби кеш өтті.
Онда оқу ордамыздан түлеп ұшып, бүгінгі таңда журналистика саласынан орын ала білген, елімізге белгілі талантты түлектеріміз Үміт Зұлхарова, Айгүл Сейілова, Мәриям Әбсаттар арнайы қонақ болып студент жастармен кездесу өткізді.
Әдеби кешке оқытушылар мен студент жастар және де қонақтарымыздың курстас құрбылары қатысты.
Шара барысында түлектеріміз өздерін таныстыра келе, студент шақтағы жылы естеліктерімен бөлісті.
Осындай кездесулер арқылы жастардың, көкірегіне таудай талап пен алға жетелер үміт сыйлайтындықтарын айтты. Әлі күнге дейін ұстаздарына деген құрметтің ерекше екендігін, әрбір өсиет сөздерін биікте ұстайтындықтарын жеткізді.
Кеш тізгінін ұстаған Молдияр Ергөбек қонақтарға сұрақтар қойып тұщымды жауаптар алды.
Әдеби кеште университетіміздің журналистика мамандығында білім алып жүрген студент жастарымыз қонақтардың ерекше туындыларынан үзінділер оқып, көпшілік көңілін көтерді.
Айта кетейік Үміт Зұлхарова-сатирик жазушы,
1999 жылғы түлек.
Ал Айгүл Сейілова-ақын, «Egemen Qazaqstan» газетінің белді журналисі,
2002 жылғы түлек. Мәриям Әбсаттар-жазушы, «TURKISTAN» телеарнасының жаңалықтар бөлімінің шеф-редакторы,
2004 жылғы түлек.
Университеміздің қаламдас талантты түлектерінің бүгінгі таңда кітаптары мен төл туындылары қазақ жұртына таныс.
Ақпарат орталығы.

Достар, біз қауымдастық жұмысын жетілдіру және студенттер мен түлектер арасында тығыз байланыс орнату мақсатында университетіміздің студент-лидерлерімен бас қостық.

Достар, біз қауымдастық жұмысын жетілдіру және студенттер мен түлектер арасында тығыз байланыс орнату мақсатында университетіміздің студент-лидерлерімен бас қостық.
Ақыл жастан деген бар. Бүгінгі заманауи талап бойынша жастарға не керек, жастар нені қалайды, бірге, бірлесе отырып университет имиджін қалай көтереміз? деген сияқты сұрақтарға жауап іздедік.
Идея көп.
Түлектер қауымдастығының басқарма мүшелерімен таныстырып, түлектердің университет үшін атқарып жатқан жұмыстарына және олардың елімізге, отанымызға, оқыған оқу орнына деген ыстық ықыластары мен қосып жатқан үлестеріне тоқтала кеттік.
Сіздер білесіздер ме, университетіміздің студенттерін басқаратын өз Президенттері бар.
Студенттік Президентке қарасты 3 атқарушы билік жұмыс істейді:
• Студенттік президент өкілі;
• Президент аппаратының басшысы;
• Студенттік Парламент төрағасы.
Міне, осы билік өкілдері жастардың барлық мәселелеріне жауапты органдар болып табылады.
Студенттердің өзін-өзі басқару жүйесінде:
• Түркі дүниесінің лидерлері;
• Студенттік декандар;
• Кәсіби бағыт-бағдар беру бөлімі (амбассадорлар).
• Шаңырақ клубтар координациясы;
• Министрліктер;
• Жатақхана төрағалары;
• Тәртіп бөлімі бір жүйеге келтірілген.
Сонымен қатар, студенттік Ассоциациямен қоса гуманитарлық, әлеуметтік, жаратылыстану, медицина, өнер бағыттары бойынша 21 клуб жұмыс істейді.
Ендеше, студенттердің
«Шаңырақ» клубтар координациясымен таныс болғандарыңызды жөн көріп отырмыз:
1. «Қазақстан студенттерінің Альянсы»
2. «IKTU DEBATE CL»
3. «Enactus»
4. «Болашақ медициналық академиялық клуб»
5. «Kidness Volunteers еріктілер клубы»
6. «Жастар рухы»
7. «Endo медициналық клубы»
8. «KazMSA медицина клубы»
9. «ArtHouse»
10. «GreenGrowth»
11. «TEDx»
12. «Yasawi team»
13. «Renessans»
14. «Veritas» хирургиялық клубы
15. «Y-PEER»
16. «Yasawi EVENT»
17. «Yasawi UNION медиа клубы»
18. «Yasawi N.N би клубы»
19. «Teaching Chinese тіл клубы»
20. «Y-DENT»
21. Халықаралық қатынастар клубы.
Қымбатты түлектер, міне сіздер мен біздер білім алған оқу орнымыздағы студенттердің бүгінгі белсенділігі осындай.
Кеше мен бүгін сабақтастығы жалғасын таба берсін!

Достар, бізге Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы Zangar зияткерлік мектебінің жас жеткіншектері қонаққа келді.

Достар, бізге Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы Zangar зияткерлік мектебінің жас жеткіншектері қонаққа келді.

6, 7, 8-сынып оқушылары Йассауи бабамыз туралы мәліметтер білгісі келген соң, біз Кәсіби бағдар бөлімімен бірге оқушыларға университет тынысымен таныстырдық.
Йассауиді танытуға белсенді студенттермен бірге мүмкіндігінше үлес қостық деп ойлаймын.
Актерлік өнер кафедрасының студенттері Йассауи туралы дайындап жатқан қойылымынан үзінді көрсетті.
Келген оқушыларымыздың ішінінен болашақта актер, өнер адамы болғылары келетіні анықталды.
Қойылымнан алған әсерлері жоғары болды.
Бұл үшін Спорт-өнер факультеті Түлектер қауымдастығының төрағасы Оразметов Маратқа алғысымызды білдіреміз!
Одан шығып оқушы қонақтарымыз Мәдениет орталығымен, ондағы мұражаймен таныс болды.
Университетіміздің кітапханасына саяхат жасады.
Кітапханадағы Йассауидің еңбектері мен ол туралы жазылған құнды деректер сақталған арнайы бөлмеде қонақ болды.
Оқушылардың қасында жүріп танытым жұмыстарымен айналысқан студенттеріміз барынша жоғарғы көңіл-күй мен қуаныш, ұмытылмастай естелік сыйлайтындай барын салды.
Студенттердің титаник аталып кеткен Орталық асханасынан тамақтанған оқушыларымыз таңданыстарын жасыра алмай ризашылықтарын білдіріп кетті.
Бұл оқушылырға жетекшілік етіп, өздерінің оқыған жерімен таныстыруға көш бастап келген тарихшы апайлары біздің түлектеріміз болатын.
Бүгінде ұстаздық етіп жүрген түлеткеріміздің Alma mater-ге келіп, сәлем беріп кеткендері біз үшін үлкен қуаныш…
Біздің есік жаңалыққа құштар ізденімпаз жастарға қашанда ашық!

Көңіл айтамыз!

Көңіл айтамыз!

Бүгін университет үшін, түлектер үшін ауыр күн болды.
Түркістан облысы мен университетіміздің мақтанышы, ҚР Президентінің Ерен еңбегі үшін медалінің иегері, театр және кино актері, ұлағатты ұстаз, әнші Марат Өмірханұлы Оразметов бүгін,
6 желтоқсан күні мәңгілік мекеніне аттанды.
Марат Оразметов 1978 жылы 7 наурыз күні Кентау қаласында дүниеге келген.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 1996-2000 жылғы түлегі.
Спорт және өнер факультетінің «актерлік өнер» білім беру бағдарламасының аға оқытушысы, актер шеберлігі, ән салу пәндерінен дәріс беріп келді.
Жастарға берері көп өз ісінің маманы еді.
Өзі қызмет ететін факультетте Түлектер қауымдастығының төрағасы болды.
Кез келген іс-шараның басы-қасында жанын салып жүретін еңбекқор, ақкөңіл жан болатын.
Артында қалған анасына, жары Мадина ханым мен ұл-қыздарына қайғыларына ортақтаса отырып көңіл айтамыз!
Видеода күні кеше университетімізде өткен іс-шарадағы соңғы көрінісі еді.
Бақұл бол, біздің сүйікті түлегіміз!

Түркістанның түлегі Түлектер қауымдастығының арнайы шақыруымен университетімізде қонақта болды.

Түркістанның түлегі Түлектер қауымдастығының арнайы шақыруымен университетімізде қонақта болды.

Бүгін Әлішер Науаи атындағы өзбек тілі мен әдебиеті Ташкент Мемлекеттік университетінің кафедра меңгеруші Рашидова Наргиза Бахтиярқызы Теология факультетінің студенттері үшін араб тілінің оқыту әдістемесі бойынша семинар өткізді.
Наргиза Бахтиярқызы Шығыстану факультетінің дінтану және араб тілі мамандығы бойынша бітірген университетіміздің 1999 жылғы үздік түлегі.
Өзінің білім алған оқу ордасына келіп дәріс беруді үлкен жауапкершілік деп санаған Наргиз ханым дәрістен соң университет ғимараттарымен танысып, студенттік шаққа саяхат жасады.
Пайдалы дәріс үшін түлегімізге басшылық тарапынан құрмет көрсетіліп, алғыс білдірілді.
Білікті де білімді түлектерімізбен біз қашанда мақтанамыз!

Біздің түлек — біздің мақтанышымыз!

Біздің түлек — біздің мақтанышымыз!

Университетіміздің 1995 жылғы түлегі Е.Сейтеновті жаңа қызметімен құттықтаймыз!
АППАРАТ БАСШЫСЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша, қала әкімінің өкімімен Шымкент қаласы әкімінің аппарат басшысы лауазымына Сейтенов Ержан Іргебайұлы тағайындалды.
Ол 1974 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында туған.
Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің түлегі, құқықтану магистрі.
Ержан Іргебайұлы еңбек жолын 1990 жылы Жаңақорған темір-бетон конструкцияларын өндіретін кәсіпорында жұмысшы болып бастап, жеке секторда жауапты басшылық қызметтер атқарған.
2016-2021 жылдар аралығында Алматы қаласының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау, Жасыл экономика, Тұрғын үй саясаты басқармаларының басшысы.
2021-2023 жылдары Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімі лауазымында қызмет атқарды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

БІЗДІҢ ТҮЛЕК – БІЗДІҢ МАҚТАНЫШЫМЫЗ!!!

БІЗДІҢ ТҮЛЕК – БІЗДІҢ МАҚТАНЫШЫМЫЗ!!!

Университетіміздің түлегі Ясин Таха Джелилоглу Ресейдегі беделді іскери журналдардың бірі-Russian Business Guide журналының мұқабасына шықты.
Ясин Таха Джелилоглу – оқу орнымыздың Инженерия факультеті «Компьютерлік инженерия» білім беру бағдарламасының 2008 жылғы түлегі. Ақпараттық технологиялар жөніндегі маман 13 жылдан бері Ресейде белсенді кәсіпкерлік қызмет жүргізуде. Бүгінде Ясин Таха Джелилоглу Ресейдің IT саласындағы мықты ойыншылардың бірі – vMind JV компаниясын басқарады.
Айта кетейік, Russian Business Guide – бұл іскерлік серіктестікті дамытуға, Ресейдің шетелдегі имиджін ілгерілетуге бағытталған халықаралық деңгейдегі іскерлік журнал.
Біз түлектерімізді мақтан етеміз!
Ақпарат орталығы.

Университетіміздің түлектері "Болашақ" бағдарламасы бойынша шетелдік университеттерде ғылыми тағылымдамадан өтіп жатыр.

Университетіміздің түлектері «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдік университеттерде ғылыми тағылымдамадан өтіп жатыр.
Х.ғ.к, профессор, Экология және химия кафедрасының меңгерушісі Нұрділлаева Раушан АҚШ, Калифорния штаты, Беркли қаласындағы Лоуренс Беркли Ұлттық Лабораториясында,Тарих кафедрасының доценті, т.ғ.к., Жораева Гүлжамал Түркия Республикасы, Анталья қаласындағы «Akdeniz» университетінде ғылыми тағылымдамадан өтуде.
Түлектеріміздің зейіндері ашылып, үлкен тәжірибемен қара шаңырағымызға аман-есен оралуларына тілектестік білдіреміз!
Сәттілік серігіңіз болсын, университет мақтаныштары!

Түлектер қауымдастығының Басқарма мүшелері оқу ордамызда бас қосты.

Бүгін университетімізде атаулы іс-шара өтті. Түске дейін Түркия және Қазақстан Республикаларының Конституциялық сот төрағалары университет ұжымымен, студенттерімен бірге жаңа оқу жылының шымылдығын ашты.
Түстен кейін университетіміздің алғашқы түлегі, ҚР Конституциялық сотының, Түлектер Қауымдастығының төрағасы Эльвира Азимовамен түлектер кездесті.
Түлектер қауымдастығының мақсаты – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті түлектерінің басын біріктіру, арадағы ынтымақтастықты күшейту, олардың кәсіби сапасын және іс-тәжірибелік дағдыларын тұрақты жетілдіру үшін жағдай жасау, кәсіби мүдделерінің құқықтарын қорғауда материалдық-моральдық, құқықтық қолдау көрсету. Университеттің стратегиялық дамуына көмектесу, университетте даярланған мамандарды жұмысқа орналастыруға, әлеуметтік, экономикалық, саяси және ғылыми-техникалық бағдарламаларын іске асыруға ықпал ету.
Түлектердің бұл бас қосуы университет үшін маңызды әрі қуанышты жаңалықпен бастау алды.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты мен Ахмет Ясауи университеті арасында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Университетіміздің ректоры Темірбекова Жанар Амангелдіқызына екі тарап үшін маңызды бұл құжатты Түлектер қауымдастығының төрағасы, Қазақстан Республикасының Конституциялық Сот төрағасы Азимова Эльвира Әбілқасымқызы өз қолымен табыстады.
Жиында сөз бастаған Эльвира Әбілқасымқызы өзімен бірге білім алып, ортақ шаңырақтан түлеп ұшқан түлектер қауымымен қайта қауышқанына қуана отырып, Түлектер қауымдастығының негізгі қызметі мен оның маңызы жөнінде өз ойымен бөлісті.
Сондай-ақ оқу орданың даму процесінде, жастардың сапалы білім алуында түлектердің қосар қандай да бір үлесі болса, қашанда көмектесуге, бірлесе іс атқаруға дайын екенін де жасырмады.
Айта кетейік, бір отбасының балаларындай бір шаңырақ астында бірге жүріп, студенттік өмірдің ащысы мен тұщысын бірге көріп, білім нәрімен сусындаған бір кездегі жастар бүгінде елағасы, еланасы атанып, мемлекеттің дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан университет түлектерімен мақтануға да болады.
Кездесу барысында университетіміздің Әлеуметтік-мәдени істер жөніндегі вице-ректоры Асқар Тұрғанбаев пен Түлектер қауымдастығының атқарушы директоры, координатор Асанова Мәриям Тасболатқызы Түлектер қауымдастығының соңғы жылда атқарған жұмыстары мен алдағы перспективалары туралы сөз қозғады.
Жиын соңында Түлектер Қауымдастығының Басқарма мүшелері, Түркістан облыстық сотының орынбасары Мақұлбеков Жеңіс, Қызылорда облыстық прокурорының орынбасары Төлегенов Исламбек, Түркістан «Болашақ» колледжі мен мектеп-гимназиясының құрылтайшысы Бегалиев Бағдәулет, Теология факультетінің деканы, профессор Досай Кенжетай, медицина факультеті түлектер қауымдастығының төрағасы Жүнісова Мира университет дамуы жолында өз пікірлерін ортаға салып, қауымдастық жұмысын жетілдіруде маңызды мәселерді көтерді.
Қыркүйек айының соңында аталмыш мәселелердің шешімін табу үшін түлектердің басын қосып, жалпы жиналыс өткізу туралы ұсыныс-тілектерімен тарқасты.
Кездесу соңында естелік үшін «отбасылық» суретке түсіп, оқу ғимаратының сыртына шығып, университет кампусындағы Түлектер Аллеясын одан әрі көркейту ұсыныстары талқыланды.

Түркістан телеарнасында жаңа жоба: "Түркістан түлегі"

Түркістан телеарнасында жаңа жоба:  «Түркістан түлегі»

Достар, Түркістан телеарнасында қазан айынан бастап «Түркістан түлегі» атауымен жаңа жоба іске қосылды.
Бағдарламаның алғашқы кейіпкері Уфук Тузман.
Уфук Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі. Бүгінгі таңда Түркия үні радиосының редактор жүргізушісі.
Ол Түркістанға оқуға түсерде қазақ еліне деген қызығушылығы жоғары болғандықтан “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығын таңдаған. Мұнда жаңарған, түрленген Түркістанды көруге асық екендігін айтады.
Бағдарламаны толық көру үшін төмендегі сілтемені басыңыз:

«Терең тарихтан – жарқын болашаққа!» атты түлектер форумы өтті

Аптаның ең маңызды оқиғаларының бірі –2022 жыл 14 қазан күні «Терең тарихтан – жарқын болашаққа!» атты университетіміздің 30 жылдық мерейтойына орай өткізілген Түлектер форумы. Шараға бүгінгі таңға дейін университет қабырғасында білім алған түлектер мен ардагер ұстаздар, студент жастар қатысты. Естелікке толы оқиғалар айтылып, кездесулер әсерлі өтті.

Оқу орнымыздың 30 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шара толық бір күнге созылды. Күндізгі бөлікте Түлектер Аллеясы ашылып, оған көшеттер отырғызылды. Сондай-ақ, форум аясында «Тарих – ғасырлар куәсі» тақырыбымен шығармашылық фотокөрме, пресс-брифинг және шараның ашылу салтанаты өтті.

https://www.youtube.com/watch?v=0dX9_O5_iNY

Түлектер қауымдастығының төрағасы мен Атқарушы директоры сайланды.

Түлектер қауымдастығының төрағасы мен Атқарушы директоры сайланды.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Түлектер қауымдастығы  2021-2022 оқу жылында университетте қызмет етуші түлектердің бастамасымен ректор Темірбекова Жанар Амангелдіқызының қолдауының арқасында құрылған болатын.
Бүкіл түркі әлемінде жүрген түлектердің басын қосу арқылы университет имиджін көтеруді көздеген аталмыш қауымдастықтың болашаққа бағдары айқын.
Қауымдастық университет түлектерінің біртұтастығын сақтау үшін талай жоспарларды жүзеге асырмақ мақсатында 2022 жылдың 5 мамыр күні университетіміздің сенат залында оффлайн/онлайн форматта Түлектер қауымдастығының Жалпы жиналысы өтіп, маңызды шешімдерге қол жеткізді.
Жиналысқа еліміздегі жоғары лауазымды түлектеріміз бен Түркия Республикасынан бірқатар түлектер қатысты.
Түлектердің бас қосуына қонақ ретінде қатысқан университет ректоры Жанар Амангелдіқызы мен Женгиз Томар сөз сөйлеп, түлектердің жұмысына сәттілік тіледі.
Онлайн қатысып отырса да бірін-бірі сағынысып көріскен түлектердің жүрекжарды тілектері мен ұсыныстары көп болды.
Алтынбек Кенжалиев, Сәкен Ханділлаев түлектерімізбен қатар Фатма Сөнмез, Уфук Тузман, Эрсин Гүзел сынды түркиялық түлектеріміз де ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, жиналысқа атсалысып отырды.
Жалпы жиналыстың мақсаты Түлектер қауымдастығының төрағасын, қауымдастық Кеңес (басқарма) мүшелері мен Атқарушы директорын сайлау болатын.
Нәтижесінде, Түлектер қауымдастығының төрағасы болып құқықтану мамандығының 1995 жылғы түлегі, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Азимова Эльвира Абилхасимовна сайланды.
Одан кейін қауымдастықтың Кеңес (басқарма) мүшелері бекітілді. Жалпы жиналыстан соң Кеңес мүшелерінің онлайн байланысы арқылы Түлектер қауымдастығының Атқарушы директорын сайлау үшін Кеңес мүшелері ұсыныстарын дауысқа салды. Нәтижесінде, Атқарушы директор ретінде Асанова Мәриям Тасболатқызы бір ауыздан сайланды.
Қауымдастықтың төрағасы мен Атқарушы директорлары Азимова Эльвира ханым мен Асанова Мәриям ханымды құттықтай отырып,  жұмыстарына сәттілік тілейміз!

Университетіміздің түлегі Азимова Эльвира Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы болып тағайындалды.

Университетіміздің түлегі, осы уақытқа дейін ҚР-ның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі болған Эльвира Әбілхасымқызы Азимова Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы лауазымына тағайындалды.
Ол 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа қызметіне кірісетін болады.

Эльвира Әбілхасымқызы университетіміздің1995 жылғы түлегі. Университетімізді «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған ол өзінің кәсібилігі, білімі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында басшылық қызметтерді абыроймен атқарып келеді. Еңбек жолын ҚР Әділет министрлігінде бастап, министр орынбасары дәрежесіне дейін көтерілді. Эльвира Әбілхасымқызы ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінде де орасан еңбек етіп, ел азаматтарының құқықтары тапталмауы үшін күш салды. Оның ҚР Конституциялық Сотының Төрағасы лауазымында да абыройлы қызмет ететініне сеніміміз мол!

Эльвира Әбілхасымқызына табыс пен сәттілік тілейміз!
Біз түлектерімізді мақтан тұтамыз!

Ақпарат орталығы.

Түлегімізге сәттілік пен абырой тілейміз!

Университет түлегі Оқу-ағарту вице-министрі болып тағайындалды.
Үкіметтің қаулысымен Еділ Сабырұлы Оспан Оқу-ағарту вице-министрі болып тағайындалды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Еділ Оспан 1983 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін, Қазақ гуманитарлық-заң университетін, Ұлыбританиядағы Эксетер унивреситетін (University of Exeter) бітірген. Заң ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі бар.
Еңбек жолын 2004 жылы Алматы қаласындағы «Құқық және экономика» колледжінің оқытушысы болып бастаған.
Әр жылдары Қазақ гуманитарлық-заң университетінің оқытушысы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жетекші ғылыми қызметкері болып жұмыс істеді.
2007-2010 жылдары – ҚР Парламенті Мәжілісі депутатының көмекшісі.
2010-2019 жылдары – ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының сарапшысы, инспекторы.
2019-2020 жылдары Қоғамдық саясат институты директорының орынбасары.
2020 жылы – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі.
2020 жылғы қарашадан 2021 жылғы ақпанға дейін – ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Әлеуметтік-мәдени даму бөлімі меңгерушісінің орынбасары.
2021 жылғы ақпаннан 2023 жылғы ақпанға дейін – ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің меңгерушісі.
2023 жылғы ақпан айынан бастап — Үкімет Аппаратының Әлеуметтік даму бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды.

Едил Оспан стал вице-министром просвещения:

https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/edil-ospan-stal-vitse-ministrom-prosvescheniya-491638

Біздің түлек – біздің мақтанышымыз!

Университетіміздің түлегі Сәбит Мейрамұлы Ахметов ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды.
Сәбит Ахметов 1979 жылы 22 қаңтарда дүниеге келді. Ол – оқу орнымыздың 2000 жылғы түлегі, «Заңгер» мамандығы бойынша білім алған.
2021 жылы «International Master in Public Procurement Management» бағдарламасы бойынша Тор Вергата Рим университетінің магистратурасын аяқтады.
Сәбит Мейрамұлы әр жылдары ҚР Әділет министрлігі Заңнама департаменті басқармасының басшысы, заң қызметі департаментінің директоры, ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің квазимемлекеттік сектор және тұтынушылардың құқықтарын қорғау Департаментінің және ҚР тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігінің Ішкі әкімшілік департаментінің басшысы, сондай-ақ ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордың сатып алу заңнамасы департаментінің директоры қызметтерін атқарды.
Университет ұжымы атынан Сәбит Мейрамұлын жаңа қызметімен құттықтай отырып, жұмысына сәттілік пен табыс тілейміз! Біз түлегімізді мақтан тұтамыз!

Напишите свой вопрос

 

    ×