«Гагауыз түріктері (тілдері мен мәдениеті)» атты конференция өтті

Ахмет Ясауи университеті Түркология ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен «Гагауыз түріктері (тілдері мен мәдениеті)» атты конференция өтті. Конференцияда Украинаның Тарас Шевченко атындағы Киев Ұлттық университетінің ғалымы доктор, доцент Тудора Арнаут баяндама жасады. Ғалым өз баяндамасында түркі тілдерінің оғыз тобына жататын гагауыз тілі жайында, тілдік ерекщелігі тұрғысынан түрік, түрікмен және әзірбайжан тілдеріне жақын екендігі, сондай-ақ 2012 жылы ЮНЕСКО гагауыз тілін жоғалып бара жатқан тілдер қатарына қосқанын атап өтті.
Гагауыздардың көп уақытқа дейін жазбаша әдебиеттері болмағанын, түрлі уақыттарда түрлі әліпбилер қолдануға мәжбүр болған гагауыздар өздері өмір сүретін елдердің әріптерімен түрікше кітап жариялаған. Гагауыз әдебиетінің дамуында Михаил Чакырдың үлкен рөлі болған. Чакыр 1934 жылы гагауыз тілінде тұңғыш газет шығарып, осы тілді әдеби тілге айналдыру туралы бастама көтерген. Гагауыз тілінде румын және славян тілдерінің ықпалы айқын сезіледі. Әсіресе латын және румын тілдерінен енген техникалық, заң және ғылыми сөздер жиі кездеседі. Гагауыз тілі Молдавияда (Гагаузия), Украинаның Одесса облысында, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстанның кейбір аумақтарында таралған. Гагауыз тілінде сөйлеушілердің саны – 160 мыңнан астам адамды құрайды. Украина гагуыздарының басым бөлігі орыс және украин тілдерін қолданады. Гагауыздардың шағын бөлігі Балқан түбегінде – Грекия мен Болгарияда да мекендеп жатыр. Болгариядағы гагауыздардың жас отбасылары өздерін болгарлармыз деп таниды. Қазіргі күні гагауыздар молдаван тілінде сөйлейді. Кеңестік кезеңде орыс үстемдігіне сай орыс тілінде тілдескен. Гагаузия аумағында мемлекеттік молдаван әрі ресми орыс тілімен қатар, гагауыз тіліне де ресми мәртебе берілген. Дегенмен гагауыз тілі жыл өткен сайын құрдымға батып бара жатқандай. Жас буын бұл тілде сөйлемеуге айналды. Ұлттық
таным да өзгеріп, гагауыз халқы ұлттық бет-бейнесінен ажырап барады. Туған жерін тастап, басқа елдерге көшіп кетушілер көп.
Конференцияда Гагауыз тілінің жайын баян еткен ғалым Тудора Арнаут бірнеше тарихи деректер мен гагауыздардың мәдени ерекшелігі жайына да тоқталды. Жойылып бара жатқан тілдер тобына кіретін гагауыз тілі конференцияға қатысқан ғалымдарды да алаңдатпай қоймады. Ғалымдар арасында өткен ғылыми конференция соңы ұзақ пікірге жалғасты. Конференцияны жүргізген ғалым Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры Бүлент Байрам конференция қонақтарына алғыс білдіріп, Тудора Арнаут ханымды маңызды баяндамасы үшін Түркология институтының алғыс хатымен марапаттады.

Түркология ғылыми-зерттеу институты

Напишите свой вопрос

 

    ×